Қазақстан халқының бірлігі күні аясында Ұйғыр ауданында “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық бастамасы шеңберінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Бұл жолы бастамаға 600-ден астам адам қосылды. Олардың қатарында жергілікті тұрғындармен бірге ыстық су көздері маңындағы демалыс орындарының кәсіпкерлері де бар. Әдеттегідей сырттан бақылап тұрған жоқ — өз техникаларын шығарып, жұмысқа тікелей араласты.
Күн соңына дейін аудан аумағынан шамамен 16 тонна қоқыс жиналып, арнайы орындарға шығарылды. Бірқатар аумақта ағаш отырғызу жұмыстары да қатар жүрді — барлығы 400 түп көшет егілді.
Бір күндік сенбілік болғанымен, оның мағынасы терең. Мұнда есеп үшін емес, ортақ жауапкершілікті сезіну бар. Бірлік күні бұл жолы сөзбен емес, нақты әрекетпен көрінді.
Анар Дүйсенбайқызы



