Әр адамның болмыс-бітіміне, ниет, пиғылына қарай Тәңірінің өзі өлшеп берер бақ-дәулеті болатыны анық. Біз сөз еткелі отырған Әлібек Жәпеков еңбегін ел болашағына арнап, білімі мен тәжірибесін сол жолға жұмсап келеді.
Әлібек Жәпеков Кеген ауданы Қарқара ауылында 1951 жылы 8 мамырда дүниеге келген. Шелек ауылындағы Абай орта мектебінде, Алматы гидромелиоративтік техникумы мен Жамбыл гидромелиоративтік институтында, Қарағандыдағы жоғарғы милиция мектебінде білім алған. Еңбек жолын Шелектегі халыққа тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында бастаған. 1980 жылдан Шелек аудандық ішкі істер бөлімінің қатардағы инспекторы, 1995 жылдан аудандық салық полициясы тергеу бөлімінің бастығы, 1998 жылдан Алматы облыстық ІІД әкімшілік қызмет басқармасында патрульдік полиция басқармасының басшысы, 2000 жылдан Еңбекшіқазақ аудандық паспорт бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. 2004 жылдан әділет басқармасын, 2006 жылы Шелек ауылында әділет басқармасының бөлімін басқарды. Талантты ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде танылды.
Әлібек Жәпекұлымен 80-жылдардың басынан Шелек өңірінде қызметтес болдық. Ол ішкі істер бөлімі бастығының тәрбие және саяси жұмыстары жөніндегі орынбасары, бастауыш партия ұйымының жетекшісі болды. Комиссия отырысында келелі мәселелерді талқылау барысында үнемі белсенділік танытушы еді. Тәртіп бұзушылықтың алдын алу жолдары туралы шаруашылықтарды аралап, сала мамандарымен, қатардағы жұмысшылармен кездесетін. Әріптестеріне әрқашан үлгі болды. Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы атанды.
Әлібек Жәпекұлының аға буын мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстары айтарлықтай. Полиция полковнигі ретінде ол әрбір тәртіп сақшысы өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындап, халық сеніміне лайық болуы тиіс екенін үнемі атап өтеді. «Мен әділетсіздікке қарсы тұра алатын маман боламын, борышымды абыроймен орындаймын» деген қағида әр жас маманның санасына сіңгенде ғана шынайы патриоттық рух қалыптасады. Осындай ұстаным адамды адастырмайтын темірқазыққа айналады», – деп ол жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен қатар Әлібек Жәпекұлы қызметтес әріптестері мен өмірден өткен ардагерлерді құрметтеуді де назардан тыс қалдырмайды. Ол олардың отбасыларымен жылына екі рет арнайы кездесулер ұйымдастырып, рухани сабақтастықтың үзілмеуіне үлес қосып келеді.
Әлекең бейбіт өмірдің өзінде де қызмет барысында қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, қылмыскерлер қолынан екі рет жарақат алған. 1986 жылы кезекті еңбек демалысында жүрген кезінде Шелек ауылындағы Западная көшесінде полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған адамды байқап қалады. Жағдайды бірден бағамдаған ол көлігін дереу тоқтатып, әріптесіне көмекке ұмтылады. Сол сәтте қылмыскердің пышағы оның сол жақ бұғана тұсын жарақаттап үлгереді. Алайда алған жарақатына қарамастан, Әлекең батылдық танытып, қылмыскердің қолын қайырып, пышағын тартып алады. Бұл ерлік ісі сол кезде «На страже» газетінде жарияланған. Ал 1987 жылы Шелек өңірінде түрмеден қашып, іздеуде жүрген қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ол тағы да пышақ жарақатын алады. Соған қарамастан қызметтік борышына адалдығын танытып, тапсырманы соңына дейін орындаған.
1987 жылы қоғамдық меншікті сақтау мәселесінде Әлібек Жәпекұлы жүргізген «Сүт істері» бойынша облыстың 5 ауданынан 16 адам, Алматы қаласында орналасқан сүт зауытынан 7 адам жауапқа тартылған еді. Әлібек қандай істі жүргізсе де, жауапкершілікпен қарады. Әділет жағында болды. Ол мемлекеттік тілдің ішкі істер органдарында кеңінен қолданылуына өз үлесін қосты. 1982 жылы Шелек ауылында мешіт ашуға мұрындық болды. Қаржы полициясын басқарған 1995-1997 жылдары Кеген, Нарынқол, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында заңды тұлғалардың бюджетке салық төлеуін тексеріп, зейнетақыны реттеген. Мемлекеттік бюджетті толтыру, қызметкердің еңбекақысы, зейнетақыны уақытылы беру, тағы басқа мәселелерді шешуге мұрындық болды.
Ата-баба рухына тағзым ету жолында да ол көпке үлгі болып жүрген азамат. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде туған жерін қорғаған Малай, Шадай, Ескелді, Теберік, Онтағар сынды халық батырларының ерлігін, Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағының Батыры атанған Төле Кенжебаев пен Төлен Қабыловтың қайсарлығын кеңінен насихаттап келеді. Сонымен қатар, бейбіт заманда ерен еңбегімен танылған Еңбек Ерлері – Сәлім Жарылқасынов пен Алтынбике Бертаеваның тағылымды жолын, ел бірлігін ту еткен Сәйбекұлы Сабыншы бидің даналығын жас ұрпақтың санасына сіңіруде ұйымдастырушылық қабілетін айқын көрсетіп жүр.
Әлібек Жәпекұлы зейнетке шықса да, қоғамдық жұмысқа белсене араласып келеді. Шелек ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Шелек ауылдық округіндегі жергілікті қауымдастықтың мүшесі. Ол көптеген қайырымдылық іске ұйытқы болды. Полиция полковнигі Ә.Жәпеков «КСРО ІІМ үздік қызметкері», «Қазақстан полициясының үздігі» медальдарымен марапатталған. Әлібектің құқық қорғау саласында күн-түн демей белсенді қызмет атқаруына себепші болған өмірлік серігі Күлиза Жарқынбекқызы – 40 жыл бойы Шелек аудандық ауруханасында бас медбике қызметін атқарған жоғары санаттағы маман. Екеуі бір ұл мен екі қызды тәрбиелеп өсірді. Бәрі ат жалын тартып мінген азамат болды. Адал еңбек иесі атанды. Бүгінде Әлібек пен Күлиза – ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің сүйікті ата-әжесі атанған бақытты жандар.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы
