Талғар ауданында спортты, әсіресе боксты дәріптейтін атақты жаттықтырушылар мен спортшылар аз емес. Солардың арасында Есет Нұғыспановтың есімін ерекше атауға әбден лайық. Өйткені ол өзінің бүкіл саналы ғұмыры мен өнегелі еңбек жолын боксқа арнаған жан. Қос мереке – Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қарсаңында ҚР білім саласының көрнекті қайраткері, ҚР еңбек сіңірген спорт қызметкері, бокстан КСРО спорт шебері Есет Нұғыспановты еске алуға арналған 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан республикалық ашық турнир өтті.
Талғар қаласындағы А.Кивилев атындағы №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде өткен сайысқа облыстың түрлі аудандарынан 10 команда, жалпы 150 жасөспірім қатысты. Шаршы алаңда өтетін шайқастарды тамашалауға атақты былғары қолғап шеберінің бұрынғы әріптестері, спорт қайраткерлері, жаттықтырушылар, БЖСМ әкімшілігі және боксшыны жақсы білетін, онымен бірге жұмыс істеген жандар, марқұмның жұбайы Орынгүл Әбдірахманқызы келді.
Турнирді аудандық Мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қымбатты балалар, жас спортшылар! Сіздердің осындай ірі турнирге қатысып отырғандарыңызға қуаныштымын. Бүгін сіздер өзіңізді, мінезіңізді, даярлығыңызды және рингтегі шеберлігіңізді көрсетесіз. Сіздердің арқаңызда бұл спорт түрінің мүмкіндіктері ешқашан сарқылмайды. Біз халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғайтын нағыз боксшылардың лайықты буыны өсіп келе жатқанын мақтан тұтамыз. Сіздердің де осы табысты да жетістікті жолмен жүріп, нағыз батыр болуларыңызды тілеймін!
Бүгінгі жарыс – үлкен спортқа деген сіздің алғашқы қадамыңыз. Есет Нұғыспановтың жаттықтырушылық қызметінің арқасында Талғар бокс мектебі өркендеп, лайықты буын өсіп келеді. Ол – есімі үлкен әріптермен жазылатын нағыз тәлімгер болды және оның бапкерлік жұмысы болашақ жаттықтырушылар мен спортшылар үшін ешқашан ұмытылмайтын үлгі, – деді Фарида Мамырбекқызы.
Турнирдің ашылу салтанатында әйгілі жаттықтырушының жұбайы Орынгүл Әбдірахманқызы да жас спортшыларды құттықтап, даңқты спорт шеберінің өмірбаяны туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Ол айтып өткендей, Есет Нұғыспанов 1947 жылы ШҚО Ақсуат ауданы, Көкжыра ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1969 жылы Семей облысындағы Калинин атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастайды. Сол жылы Талғар қаласындағы Ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, боксті серік етеді, түрлі аудандық іс-шараларға белсенді қатысып жүреді. Бокстан облыстық сайыстарда, Ташкент қаласында өткен халықаралық турнирде жеңіске жетіп, көптеген атақтар мен марапаттарға ие болады. Соның арқасында оны Алматы облысындағы спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы болып істеуге шақырады. Әр жылдары ол спорт мектептері мен секцияларын басқарады, тіпті Спорт комитетінің басшысы лауазымына тағайындалады. Бокс бапкері ретінде ол ел және әлем чемпионы атанған бірнеше үздік спортшыларды, атап айтқанда Сергей Третьяков, Борис Гапченко, Дмитрий Юрченко сияқты белгілі былғары қолғап шеберлерін дайындаған. МБЖСМ қоржынында сол кезде түрлі деңгейдегі 100 медаль болған.
Бапкердің спорттағы даңқты жолы 1976 жылы, Талғар қаласында №1 МБЖСМ ұйымдастырылған кезде басталғанын айта кеткен жөн. Арнайы мектептегі еңбек жолын қарапайым жаттықтырушы болып бастаған ол, кейін 1985 жылдан 2010 жылға дейін, ширек ғасыр бойы оның директоры болды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ашық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі кезінде Есет Нұғыспанов туралы оның бұрынғы әріптестері де көптеген жылы лебіздерін білдірді. Олардың айтуынша, ол өзі жайлы ешқашан ұмытылмайтын жарқын естелік қалдырды және жас боксшылардың лайықты буынын тәрбиеледі. Жарыс қатысушылары мен қонақтар аймақта және ел көлемінде боксты дамытуға елеулі үлес қосқан әйгілі бапкерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Одан кейін жас боксшылар 13 салмақ дәрежесінде шаршы алаңдағы жекпе-жектерді бастап кетті. Үш күнге созылған турнир нәтижесінде марқұм Есет Малғаждарұлы басшылық еткен Талғар қаласындағы №1 МБЖСМ-нің бапкер Мирас Арықбаев жаттықтыратын шәкірттері 5 алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынды иеленді. Атап айтқанда 42 келі салмақ дәрежесінде Бекзат Қоқан жеңімпаз атанса, 50 келіде – Бекарыс Сержантұлы, 54 келіде – Өркен Асылхан, 60 келіде – Азиат Нұрланов және 75 келіде – Абылай Товиш алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Өркен Асылхан турнирдің ең үздік боксшысы атанды.
Жеңімпаздарға Есет Нұғыспанов атындағы медальдар мен естелік дипломдар табысталды. Мамандардың айтуынша, барлық балалар жақсы шеберлік деңгейін және жеңіске деген ерік-жігер көрсетті.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




