Перейти к содержимому

Ерлік пен елдік мерекесі

Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай кең көлемді мерекелік шара ұйымдастырылып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Айтулы мереке аясында Қонаевтағы №58012 әскери бөлім базасында арнайы көрме көрсетіліп, Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Мерекелік бағдарлама облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың Қонаев қаласындағы №58012 әскери бөліміне келуімен басталды. Шара барысында әскери бөлім аумағында қару-жарақ пен заманауи әскери техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, қоян-қолтық ұрыс тәсілдері көрсетілді. Сондай-ақ инженерлік-саперлік бригаданың командирі, подполковник Қанат Тәңірбергенов қонақтарды әскери қызметшілердің казармалық тұрмысымен таныстырып, қазіргі әскери қорғаныс және шабуылдау құралдарының мүмкіндіктерін көр­сетті. Өз кезегінде Қанат Болатұлы әскери қызметшілер мен сарбаздар­ды айтулы мерекемен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Көрме ел қорғанысының қуатын айқындап қана қоймай, жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Мерекелік шара ары қарай Қонаев қалалық Мәдениет үйінде жалғасты. Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев жиналған қауымды мерекемен құт­тықтады.
– Отан қорғаушылар күні – тек әскери қызметшілердің ғана емес, ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген барлық азаматтардың ортақ мерекесі. Бұл күні сарбаздар мен офицерлерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, бейбіт өмірдің баянды болуы үшін еңбек етіп жүрген жандарға айрықша құрмет көрсетіледі, – деді ол.
Өз сөзінде Ғани Айдарұлы Қазақстан Республикасы Конституциясында мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық қауіпсіздігін қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы ретінде айқындалғанын ерекше атап өтті. Қазақ халқының ежелден ерлік пен елдікті ту еткен халық екенін еске салып, батыр бабалардың даңқты жолы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан әскерінің рухани негізіне айналғанын жеткізді. Бүгінгі таңда Қарулы Күштердің әлеуетін арттыруға және әскери қызметтің беделін көтеруге айрықша көңіл бөлініп келе жатқанын тілге тиек етіп, армияны жаңғырту, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Артынша бір топ әскери сала қызметкерлеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің марапаттарын табыс етті.
Жиында өңірдегі әскери-пат­риот­тық тәрбие жұмыстарының нәти­желері де жария етілді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін және өзге де әскери құрылымдарды жасақтау жоспарына сәйкес жыл сайын облыстан 3,5 мыңнан астам жас азамат әскер қатарына шақырылады. Сондай-ақ облыстағы 447 мектепте «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы аясында 87 сынып пен 40 клуб жұмыс істейді. Бұл ұйымдарға 3236 оқушы тартылған. Аталған қозғалыс жас буынның азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті нығайтуға, әскери қызметке деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланды. Ел тыныштығын сақтау мен болашақ ұрпақтың бейбіт өмірін қамтамасыз ету зор жауапкершілікті талап етеді. Осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген жандардың құрметіне ұйым­дас­тырылған салтанатты кеш Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы өнерпаздарының концертіне ұласты.

Құралбек СӘБИТОВ