«Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғалы бері елімізде миллиондаған түп көшет отырғызылып, қоқыстың шығарылғанын мемлекет басшысының өзі де айтқан болатын. Бұл бағдарлама еліміздегі тазалықты қалыптастыру, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған. Әрине, бағдарламаның пайдалы тұсы өте көп, тек оны науқаншылыққа айналдырмасақ игі еді.
Бүгін облысымызда аталмыш бағдарлама аясында ауқымды жұмыстар легі басталды. Нәтижесінде әрбір елді мекенде тазалық жұмыстары мен ағаш отырғызу істері қолға алынды. Ұйғыр ауданы Кетпен ауылында да бүгінгі тазалық акциясына ауыл тұрғындары белсенді атсалысты. 2 гектар аумақты алатын Сабырбеков пен Назугум көшелері толықтай қоқыстан тазартылды. 70-тен астам ауыл тұрғыны сенбілікке қатысты. 2 тонна қоқыс шығарылды.
Таңнан басталған сенбілікке тіпті балаларын ертіп шыққан тұрғындар да болды. Бұл – жас ұрпаққа табиғатты таза ұстауға, қоршаған ортаңды қадірлеуге ықпал ететін зор бастама. Ендеше ауылымызды, көшемізді, ауламызды таза ұстасақ, еліміздің тазалығын сақтағанымыз. Сондықтан әр күнімізді тазалықтан бастайық.



