Перейти к содержимому
Главная страница » Құрылыс сапасын тексерді

Құрылыс сапасын тексерді

Қонаевта алты бірдей стратегиялық маңызы зор әкімшілік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл кешендердің салынуы – мемлекеттік қызметтің қолже­тімділігі мен сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ қаланы заманауи әкімшілік орталық ретінде танытып, шаһардың жаңа келбетін қалыптастыруға серпін бермек. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс қайнап жатқан алаңдарға арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы ең алдымен сапаға ерекше назар аударуды, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Үкімет қаулысына сәйкес қазіргі таңда облыстық сот, полиция депар­таменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ведомстволық органдарға арналған әкімшілік ғимараттар, департаменттер үйі салынып жатыр. Барлығы дерлік «Алматы – Өскемен» тасжолының бойында орналасқан. Сондай-ақ облыстық мұрағат пен Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені және қалалық №6, № 7 жағажайларда курорттық ойын-сауық нысандары бой көтеруде.
Мердігерлермен жүздескен Марат Елеусізұлы жұмысшылар мен техника санын көбейтіп, сапалы әрі өнімді жұмыс істеу керегін айтты. Келісім бойынша мердігерлер құрылысты өз қаражаты есебінен бастайды, соған сәйкес кейін аванстық төлемдер жасалады. Бүгінде аталған нысандарда жер асты жұмыстары жүргізіліп, іргетасы қалануда. Мәселен, полиция департаменті салынатын алаң­да ескі ғимараттар бұзылып, құрылыс қалдықтары шығарылып жатыр. Ғимараттың ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Нысан үш-алты қабатқа дейінгі әртүрлі биіктіктегі сегіз блоктан тұрады. Онда инженерлік-техникалық қызметкерлер еңбек етіп, гидробалғамен жабдықталған және тиеу жұмыстарына арналған экскаватор мен самосвалдар жұмыс істеп тұр.
Арнайы мемлекеттік органдарға арналған әкімшілік ғимараттың жалпы ауданы 12 168 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 5 қабаттан және жертөледен тұрады. Құрылыс алаңында 25 жұмысшы мен 2 тиегіш, 4 HOWO көлігі жұмылдырылған.
Алматы облыстық Ұлттық қауіп­сіздік комитеті ғимаратының жалпы ауданы – 17 500 шаршы метр. 5 қабатты әкімшілік ғимаратта емхана, спорт залы, футбол алаңы, бақылау-өткізу пункті, саптық алаң және автотұрақ қарастырылған.
Ведомстволық бағынысты ұйымдарға арналған әкімшілік ғимарат 4 және 6 қабатты екі блоктан тұрады. Қазіргі таңда қазаншұңқыр қазу жұмыстарына 10-нан астам адам мен 7 бірлік техника тартылған.
Департаменттер үйі күрделі көп­функционалды 4 блокқа бөлінген. Жоба бойынша ғимаратта қызметтік бөлмелер, мәжіліс залдары, асхана, медпункт, архив және техникалық үй-жайлар орналасады. Нысанда 6 инженерлік-техникалық қызметкер мен 13 монолитші жұмыс істеуде. Қазіргі таңда іргетасын қалау үшін дайындық қызу жүріп жатыр.
Облыстық мұрағат ғимаратында гидрооқшаулау, іргетасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың ауданы – 8,4 мың м2. Болашақта мұнда 300-ден астам маман жұмыс істейді. 2 000 000-нан астам мұрағатты сақтауға болады. Соған сәйкес ғимаратта өртке төзімді материалдар қолданылуда.
Марат Елеусізұлы сондай-ақ Алматы облысы әкімі аппаратының автокөлік кешені мен Қапшағай су қоймасы жағасындағы халықаралық деңгейдегі курорттық-ойын-сауық нысандарының жай-күйімен де танысты. Автотұраққа 100-ге жуық көлік сияды. Аумағы шамамен үш гектар болатын бұл нысанда мемлекеттік мекемелердің көлік­теріне қызмет көрсететін әкімшілік және техникалық бөлмелер болады. Ал аталған жағалауларда қонақүй, аттракциондар саябағы, аквапарк, ойын алаңы, SPA салынады. Ол үшін 24 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Облыс әкімі бұл ғимараттар тарихи маңызы зор әрі қаланың көркін кіргізетін маңызды жобалар екенін ерекше атап өтті. «Жаңа облыс орталығында заман талабына сай, сапалы әрі көздің жауын алатын әдемі ғимараттар бой көтеруі тиіс. Үкімет қаулысымен бекітілген кешенді даму жоспарына сәйкес, сенімді мердігер ретінде сіздерді таңдадық. Егер жұмыс баялайтын болса не талаптарға сай келмесе, мердігерді ауыстыруға тура келеді. Сондықтан жұмысқа үлкен жауапкершілікпен кірісу керек», – деді облыс әкімі.
Жоспар бойынша Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің ғимараты 2028 жылы, ал қалған нысандардың құры­лысы келесі жылы аяқталып, толық пай­далануға беріледі.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қонаев қаласы