Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ ауылының тұрғындары «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді түрді атсалысуда. Олар кезекті сенбілікке біркісідей жиналып, бұлақ көзін аршыды.
«Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өткен шарада тұрғындар Мәтібұлақ ауылының су қоймасына келіп құятын өзен суының бастауындағы қайнарларды ашып, өзен жағасын тазарты. Шараға тұрғындар, ауылдық округ әкімдігінің мамандары, осындағы мекеме қызметкерлері, жастар ұйымшылдықпен қатысты. Тұрғындар сонымен қатар елдімекендегі екінші дүниежүзілік соғыстың боздақтарына арналған ескерткіш маңайын тазартып, мекемелердің ауласында ағаш көшеттерін отырғызды. Ал Мәтібұлақ орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары білім ұясының ауласын көгалдандыру ісін атқарды.
Шалғай ауылдағы шараны ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Мадияр Мұқашевтан сенбілік барысын сұрағанымызда, ол «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығын ауылдастарына үнемі түсіндіретінін және тұрғындар табиғатты қорғаудан сырт қалмайтынын айтты. Ол – жаңадан сайланған ауыл әкімі. Қызметіне құлшыныспен кіріскен талапты жас аз уақыттың ішінде облыстық, республикалық деңгейдегі оқыту курстарынан білімін жетілдіруден өтіп үлгерді. Аталған округ құрамына енетін жеті елдімекен тұрғындарымен тіл табысып, ортақ мақсат жолында еңбектенуге ниетті екенін білдірді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




