Перейти к содержимому
Главная страница » Мектеп пен балабақша сабақтастығы

Мектеп пен балабақша сабақтастығы

Облыстық білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен Қонаев қаласындағы қазақ орта мектеп-лицейінде «Мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастық» атты облыстық семинар өтті. Мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, педагогтердің тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру.

Алғашқы сөз кезегін алған облыстық әдістемелік орталықтың мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің басшысы Айзат Ердәулетова 2023 жылы облыс көлемінде пилоттық жоба ретінде 9 мектеп пен балабақша арасында сабақтастық жүзеге асырылғанын атап өтті. Сонымен бірге бұл жұмыс екі білім мекемесі басшылығының бірлескен жоспарымен, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және әдіскердің ықпалымен тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдері арасында жүргізілуі тиіс екенін қаперге салды. Сондай-ақ соңғы үш жылда «даярлық» деген атау қолданылмайтынын, оның нұсқамадан алынып тасталғанын, «мектепалды топ және сынып» деп қана аталатынына педагогтердің назарын аударды. Айзат Ерімбетқызының айтуынша, бүгінде балаларға бұрынғыдай жазу-сызуды, қосу-азайтуды, буынға бөлуді үйрету тәрбиешілердің міндетіне жатпайды.
Қонаев қаласындағы «Малыш» балабақшасының тәрбиешісі Нұрила Тілеубаева бұл өзгерістен хабарсыз ата-аналар мен бастауыштың ұстаздары балалардың мектепке оқу мен жазуды үйренбей келетініне наразылығын білдіріп, сондықтан бұрынғы жобаны қолдайтынын білдірді. Ал Жамбыл ауданы Қарғалы ауылындағы №3 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ұлжан Алтынбекқызы баланың балабақшада жазу-сызуды меңгеруі міндетті емес екенін, бұрынғы жоба бүлдіршіндердің балабақшаға деген қызығушылығын азайтып жібергенін алға тарта сөйледі.
Келесі кезекте облыстық әдістемелік орталықтың мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бөлімінің әдіскері Айғаным Қанапия 1-сыныпқа келген баланың киініп-шешінуі және жазудан гөрі қалам ұстауы қиындық тудырып отырғанын, сондықтан тәрбиешілер ұсақ қол моторикасын дамытуға баса назар аударғаны абзал болатынын тілге тиек етті.
– Мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастық – білім беру жүйесіндегі маңызды әрі өзекті мәселенің бірі. Осы тұрғыда тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдерінің өзара тығыз қарым-қатынасы, бірлескен жұмысы маңызды. Балабақшадағы бүлдіршіндер мектепке үлкен үмітпен келеді. Олардың әрқайсысында өзіндік мінезі, қабілеті, қызығушылығы бар. Сондықтан балабақшада қалыптасқан дағдыларын ескеріп, мектепте соны әрі қарай дамыту – басты міндетіміз. Қазақ орта мектеп лицейі бірнеше жылдан бері балабақшамен тығыз байланыс орнатып, жүйелі түрде сабақтастық жұмысын жүргізіп келеді. Атап айтқанда, бірлескен ашық сабақ, тәрбие сағаты, педагогтер арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстар балалардың мектепке бейімделуін жеңілдетіп, оқу процесіне деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізіп отыр. Балабақшадан келген бүлдіршіндердің мектепке сенімді қадам басуы – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Сондықтан сабақтастықты нығайту арқылы біз сапалы білім мен саналы тәрбиенің берік негізін қалаймыз, – деді Айғаным Бағашарқызы.
Одан әрі жалғасқан семинар-прак­тикумда әр ауданнан келген бастауыш сынып мұғалімдері мен Қонаев қала­сындағы балабақшадан келген мектепалды топтың балалары ашық сабақтарға, тәжірибелік алаңдарға қатысты. Ғалия Можанова, Баян Мұқатаева сауат ашудан, Айнұр Опанова, Динара Камалбаева математикадан, Арайлым Қимадиева жаратылыстанудан ашық сабақ өткізсе, Алуа Жұмабай роботтардың түрімен таныстырды. Әсіресе Салтанат Мұқанова өткізген «Жолда жүру ережелері» тақырыбындағы ашық сабақта қазақ орта мектеп-лицейінің бастауыш сынып оқушыларының сахналық қойылымы балалардың көңілінен шыққанын атап өткен жөн. Осы шараға қонақ ретінде қатысқан қалалық полиция басқармасының туристік және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету инспекторы Әділ Жүнісқанов балаларға жолдан өту, бағдаршамның түстеріне бай­ланысты қалай әрекет ету керегін және тағы басқа жүру ережелерін кеңінен түсіндірді.
Семинар барысында қонақтар назарына кішкентай ғана сахна арқылы үлкен мағынаны жеткізетін қойылым ұсынылды. Жетекшісі – Гүлнұр Нұралиева. Содан соң мектептің жас мамандары – Назерке Берікқызы мен Аружан Амангелдіқызы «Әр сабақ – жаңалық» атты STEM арқылы оқыту тәжірибесін өткізді. Кері байланыс жасаған әр ауданнан келген бастауыш сынып мұғалімдері бүгінгі семинардан үйренген жаңа әдіс-тәсілдерді алдағы уақытта сабақта қолдануға ниетті екенін және өздерінің де осындай іс-шара ұйымдастырғысы келетінін жеткізді.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы