Перейти к содержимому
Главная страница » Оқу мәдениетін көтеру – ортақ міндет

Оқу мәдениетін көтеру – ортақ міндет

«Өлке тынысы» ЖШС мен Райымбек ауданындағы «Бала­лықтан – даналыққа!» жобасын қолдаушы кәсіпкерлер тобы өзара ынтымақтастықты арттыру туралы меморандумға қол қойды. Тараптар мемо­рандум негізінде ортақ бастамаларды қолдауды кеңей­туге келісті.

Ең әуелі «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев өзі жетекшілік ететін құрылымның жайын сөз етіп, Алматы облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерін, «Alataunews.kz» ақпараттық порталын, сондай-ақ өңірлік коммуникациялар қызметін біріктірген мекеменің аймақтың ақпарат кеңістігінде айрықша қызмет атқарып келе жатқанын тілге тиек етті.
«Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі ретінде кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында қабылданғаны анық. «Балалықтан – даналыққа!» жобасы бойынша жақсы бастамалар қолға алынып жатқанынан хабардармыз. Бүгінде жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру аса қажет. Сондықтан осы бастаманың жүгін бірлесе көтеруге дайын екенімізді жеткізгім келеді», – деді меморандумның өзектілігі жайында өз ойын ортаға салған Ерлан Сыдықұлы.
Кездесуде «Балалықтан – даналыққа!» жобасының авторы Айдар Мәсімғазы өз бағыттары мен жұмысы жайында сөз қозғады. Оның айтуынша, басында жергілікті спортшыларға қолдау көрсетуді мақсат еткен. Бүгінде түрлі рухани жобаларды жүзеге асыруға ден қойған. «Өткен жылы желтоқсан айынан бастап, Райымбек ауданындағы мектеп оқушылары арасында «Балалықтан – даналыққа!» атты кітап оқу жобасын бастадық. Ал көктемде жоба аясында жас оқырмандар қазақ руханиятына, ғылымы мен мәдениетіне қатысты тағылымы терең «Жұмабек және жер майдан», «Өзбекәлі және мәдени майдан», «Қаныш және ғылыми майдан», «Мамандықтың мәні» атты төрт кітап негізінде білім аламанына түсті. Жүлдеге іліккендер ақшалай сыйлықтар мен Түркістан қаласына баратын жолдамаға ие болды. Алдағы уақытта бұл бастаманың ауқымын кеңейтуді көздеп отырмыз. Облыстың өзге аудандарынан осы жобаны жүзеге асыруға ынта білдіретін жандар болса, өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», – деді Айдар Мәсімғазы.
Жүздесуде Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина мерзімді басылым тәлім-тәрбиенің көзі екенін, газет оқуды бала емес, ең бірінші ата-ана бастап, өнеге көрсетпесе, рухани тұрғыда тығырыққа тірелетінімізді жеткізді. «Біздің екі газет те облыстық деп аталғанмен, бүкіл республикаға тарайды. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Біздің газет орыс тілінде шықса да, онда ұлттық құндылық ұлықталады», – деді Забира Дайранқызы.
Бүгінгі медиакеңістікте сапалы журналистика мен жауапты ақпарат тарату ерекше маңызды екенін сөз еткен Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар осындай ынтымақтастық алаңдары өңірлік баспасөздің жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беретінін баса айтты. «Бүгінде газетіміз қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, оқырмандарға сан алуан тақырыпта ақпараттық өнім ұсынып келеді. Олардың арасында бүгінгі кәсіпкерлер қолдау көрсетіп отырған спорт пен балалар шығармашылығына бағытталған арнайы беттеріміз де бар. Бұл меморандум – оқырманға сапалы әрі сенімді ақпарат ұсынуға бағытталған маңызды қадам. Ортақ құндылықтар төңірегінде бірігу – бүгінгі уақыт талабы», – деді Қуаныш Абайбекұлы.
Тараптар алдағы уақытта ақпараттық қолдау көрсету және оқу мәдениетін дамыту бағытында бірлесе жұмыс жүргізуге уағдаласты.

Ерзат АСЫЛ