Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел аумағында «Taза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның аясында туристік бағыттарда экологиялық акция жарияланды. Бұл акцияға Райымбек ауданының тұрғындары білек сыбана кірісіп, сенбілікте күш біріктірді.
Осы орайда, акцияға қатысушылар Райымбек ауданындағы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жамбыл мен Қаратоған ауылдарының арасындағы 10 шақырым автожол бойында ауқымды тазалық жұмысын жүргізді. Бұл жол дем алушыларды туристік бағыттағы «Шоғансай», «Ақ көл» демалыс орындарына алып барады.
Аталған іс-шара – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғам бірлігін нығайтуға және әрбір азаматтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Акцияға мекеме басшылары, мектеп директорларымен қатар жергілікті тұрғындар және жастар белсенді атсалысты.
Акция қатысушылары жол жиегіндегі тұрмыстық қалдықтарды, пластик пен қағаз қалдықтарын жинап, арнайы қоқыс алаңдарына жеткізді. Бұл жұмыстар автожол бойының санитарлық жағдайын жақсартуға айтарлықтай үлес қосты.
Іс-шара барысында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Роман Қойлыбаев өңір тұрғындары арасында тазалық мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
-Туған жердің тазалығын сақтау – барша тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Бүгінгі акцияға жастардың белсене қатысуы өңірде экологиялық мәдениет қалыптасып келе жатқанын көрсетеді, – деді ол.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық акциялары еліміздің барлық өңірінде өткізіліп келеді. Бұл бастама экологиялық жауапкершілік пен туған жерге деген сүйіспеншілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы



