«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының мақсаты – аймақтарды тазалау ғана емес, адамдарды айналасын таза ұстауға шақыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Осы орайда Алматы облысы көлемінде түрлі шара, акциялар, сенбіліктер ұйымдастырылуда. Атқарылған іс-шаралардың нәтижесі қандай? Бүгін жиналған аумақ ертең тағы күл-қоқысқа, тұрмыстық қалдықтарға толып кеткен жоқ па? Ал «Таза Қазақстанға» пысқырып та қарамағандарға қандай шара қолдануға болады? Ескертуді елемегендер не істейді?
Осындай сауалдар бойынша полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесіп, тексеру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде Талғар ауданының аумағында абаттандыру және санитарлық ұстау ережелерін бұзу деректері анықталды.
Атап айтар болсақ, Қызылқайрат ауылы, Мәлкеев көшесі, 185 үйде орналасқан «Көлсай» кафесінің маңында бей-берекет шашылып жатқан тамақ қалдықтары табылды. Оның ішінде бір тістеліп лақтырылған бүтін нанның жатқаны да жүрекке ауыр тиер көрініс болды. «Нан қоқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар» деген өлең жолдарын жаттап өскен буын өкілі ретінде бұл көріністің бізге ауыр тигені анық. Бұл тамақ қалдықтарының кафеге тиесілі екені бірден-ақ белгілі болды. Дәмхана иесімен тілдесу кезінде ол тамақ қалдықтарының кафеден шыққанын растап, оны екі-үш сағаттың ішінде тазалап тастайтынын жеткізді. Мәселе келеңсіздікті ретке келтірумен ғана аяқталған жоқ, «Көлсай» кафесінің иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалып, 64 875 теңге көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Талғар қаласының Бокин және Нұртазин көшелерінің санитарлық тазалығы да сын көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, бұл екі көше көптен бері тазаланбаған. Балалар алаңында үнемі қоқыстар, пластикалық ыдыстар, түнде ішілген сыра, арақ шөлмектері де шашылып жатады. Мұндай жерге балаларды әкеліп ойнатудың өзі қауіпті. Сонымен қатар Бокин көшесінің бойында өткен жылы ағаштарды санитарлық кесуден кейін қалған бұтақтар таудай болып үйіліп жатыр. Кесіліп, қураған бұтақтардың тұрғанына жарты жылдың жүзі болған. Қала тұрғыны осы жайт бойынша Талғар әкімдігіне бірнеше мәрте жүгінгенімен еш нәтиже болмаған. Тіпті «Қонаев Медиа» телеарнасының «Таза мекен» бағдарламасы бұл жайтты түсіріп, Талғар қаласы әкімінің орынбасарына хабарласқанында келеңсіздікті реттейтінін айтқанымен 2-3 аптадан соң қайта барғанында кесілген бұтақтардың сол қалыпта тұрғанын көрген.
Арнайы рейдке шыққан полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері де бұл жағдайды анықтап, аталған учаскеге жауапты азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Оған 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұған дейін Бокин және Нұртазин көшелеріндегі контейнерлік алаңдардың толып кетіп, арнасынан асып үнемі шашылып, сасып жататыны, тұрмыстық қатты қалдықтардың уақытылы шығарылмайтыны туралы жарияланым әлеуметтік желілерде орналастырылған болатын. Ескерту, тексеру нәтижелері бойынша бүгінде қоқыс контейнерлері тазаланып, аумақты абаттандыру жұмысы жүргізілді. Пәтер иеленушілер кооперативі қызметкеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалды, ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Бесағаш ауылындағы «АКНМ» шағынауданында заңсыз аумақта күл-қоқыс жиналып қалған. Оны тазартуға әкімдік те, тиісті мекеме де ниет танытпаған. Бұл күл-қоқыстың жиналуына тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарды тиісті орынға апаруға ерініп, жолай өздерінің ыңғайына қарай заңсыз қоқыс орнына айналдырған аумаққа тастай салуы себеп. Осыған орай 2 мамыр күні Бесағаш ауылы әкімдігінің қызметкерлері тұрғындармен бірлесіп, сенбілік және тазарту іс-шараларын өткізді. Бұған дейін орын алған жағдайға орай Бесағаш ауылы әкімінің орынбасарына ҚР ӘҚБтК 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалып, 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан шығатын қорытынды – ендігі жерде өңірлердің тазалығына айрықша көңіл бөлініп, аумақтардың қайтадан күл-қоқысқа айналмауына барынша мүмкіндік жасалатыны. Демек, бір тазаланған жердің алдағы уақытта да айнадай болып тұруы мейлінше қадағаланады. Бұл «Таза Қазақстанның» бір реттік шара емес, әркезде жалғасатын, маңыздылығы зор бағдарлама екенін айғақтайды.
Алма ЕСЕНБАЙ
Талғар ауданы
