Перейти к содержимому
Главная страница » Ұмытылмас кездесу

Ұмытылмас кездесу

Мұхтар Шаханов – қазақ халқының рухын, намысын, ар-ожданын жырлаған бірегей тұлға. Ол тек ақын ғана емес, ұлт тағдырына бейжай қарамайтын қоғам қайраткері, ащы болса да, шындық үшін күрескен батыл азамат. Оның шығармалары адам жанын тербеп қана қоймай, оқырманды ойлануға, арын таза ұстауға, елін сүюге шақырады. Ақын поэзиясында ұлттық рух, адамгершілік, достық, әділдік пен намыс тақырыптары ерекше орын алады.

Төрт жыл бұрын ақын Мұхтар Шаханов мерейлі 80 жасқа толған кезде біздін мектебімізге арнайы келіп, оқушылармен әсерлі кездесу өткізген еді. Бұл кеш біздің өміріміздегі ерекше әрі ұмытылмас сәттердің бірі болды. Оқушылар ақынның «Отырар» дастаны бойынша көрініс қойып, Желтоқсан көтерілісінің ардагерлері, ұстаздарымыз бен мектеп директоры Мақсатжан Төрегелдиев ағайымыз ақынға алғыстарын айтса, Іле ауданындағы Желтоқсан ұйымының төрағасы, ақын, журналист Бағдат Қашқынбекова ақынның алдында өзінің «Мен қазақпын» өлеңін оқыды. Мұхтар атамыз бізбен өзінің өмірбаяны, балалық шағы, шығармашылық жолы және тағдыры туралы шынайы сыр бөлісті. Ол өмірде кездескен қиындықтар адамның рухын сындыра алмайтынын, ең бастысы, адам арын жоғалтпауы керектігін айтты. Ақынның әрбір сөзі жүрекке жетіп, терең ой салды. Кездесу барысында ол ел жастарына үлкен үміт артатынын жеткізді. Ана тілін құрметтеу, елді сүю туралы айтқан ойлары ерекше әсер қалдырды. Біз ақынның сөзінен үлкен өмірлік сабақ алдық. Оның қарапайымдылығы мен шыншылдығы бәрімізді таңғалдырды.
Ақынның өмірі мен шығармашылығы кейінгі ұрпаққа әркашан да үлгі болып қала бермек, өлеңдері де, ерлігі де уақыт өткен сайын өз кұндылығын жоғалтпайды. Себебі шындық пен руханият ешқашан ескірмейді. Ол кісіні көзі тірісінде көргеннен кейін бізге ақынның қазасы қатты батты. Өзі «Жүрегi жоқ адамдардан қорқамын» деп жырлағаны бар. Сол алып ақынның қайтпас сапарға аттанған кезінде жүрегім сыздап сала берді. Ол енді бізге «Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, Үлкен бақыт табу үшін ғаламда, Үлкен болып қалу үшін ғаламда, Үлкен арман керек екен адамға», – деп қасиетті бабалар топырағынан тіл қатып жатады.

Мөлдір МЕДЕТБЕКОВА,
№ 12 орта мектептің
10-сынып оқушысы
Алатау қаласы