«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында елімізде, оның ішінде облысымызда атқарылған жұмыстар жетерлік. Дегенмен, тазалық іс-шаралары мұнымен тоқтап қалмай, мереке күнінде де өз жалғасын табуда.
Қонаев қаласының әкімдігі ұйытқы болған шараға облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің қызметкерлері атсалысып, Қапшағай су қоймасының №1 жағажайын қоқыстан тазартты. Жылдағы дәстүр бойынша суға түсу маусымына дейін жағажайда тазалық жұмыстары атқарылатыны белгілі. Аталмыш сенбілік аясыда 300 шақты қатысушы қолдарына қап алып, көл маңайын мұнтаздай етуге атсалысты. Бүгінгі шара күнделікті тұрмыста да экологиялық жауапкершілік таныту қажеттігін көрсетті. «Туристік нысандар – біздің келбетіміз. Алда мұнда келушілердің саны артатыны анық. Біз жеріміздің таза болғанын және жағалаудың әдемі болғанын қалаймыз. Өйткені адамдар полигонға емес, демалысқа келетіндей тазалық керек. Себебі көл – басты көрікті жеріміз.Оны аялау баршамызға ортақ борыш», – дейді дін істер басқармасының қызметкері Нұрбек Нұрланұы.
Бүгінде аймақ аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаның тазалығын сақтау және елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. « Бүгінгі шара тек Қонаев қаласы ғана емес, облыстағы барлық елдімекендерде ұйымдастырылуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бізде сенбіліктердің жоспары бекітілген. Сол жоспарға сай әр апта сайын көшелер жиналады. Қазірге дейін 4 мыңнан аса көше тазаланды. Жыл соңына дейін тағы 6 мың көше тазартылады. Ал бүгін жағажайды маңын реттеп, келушілерге жанға жайлы орта жаратуға күш салдық», – деді кезекті тазалық шарасының маңызы сөз еткен облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының бөлім басшысы Жанғазы Жаңабайұлы.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы
