Перейти к содержимому

Жаңа өмірге қанат қақты

Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназияда соңғы қоңырау үні естіліп, түлектер өмірі­нің үлкен бір белесін артта қалдырды. Салтанатты шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.

Қазіргі таңда өңірдегі 497 жалпы білім беретін мектепте 379 мыңнан астам оқушы білім алуда. Мектеп бітіруші түлектер саны – 20109. Оның ішінде «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 1844 болса, «Үздік аттестат» үміткерлері – 1680 оқушы. Күні кеше Еңбекшіқазақ ауданы М.Горький атындағы орта мектептің түлегі Әли Лоян 140 балл жинап, облыстың мақтанышына айналды. Бұл өңірдегі білім сапасының және оқушылардың үлгерімінің жоғары екенін дәлелдейді.
Аймақ басшысы өз сөзінде жас түлек­­терге үлкен үміт артатынын айтып, алдағы сынақтан сүрінбей өту­лерін тіледі.
«Баршаңызды мектеп өмірінің ең маңызды мерекесі – оқу жылының аяқталу күнімен құттықтаймын! Бұл күн – он бір жыл бойы білім нәрімен сусындаған шәкірттердің балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алатын ерекше сәті. Алтын ұя мектептеріңізден алған терең білім мен тағылымды тәрбие – болашақта биік белестерді бағындыруға негіз болары сөзсіз», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Алматы облысы дарынды, білімді және жігерлі жастардың мекені екенін айтып, соңғы үш жылдағы жетістіктерге тоқталды. Айтуынша, биыл ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадада 34 оқушы жүлделі орынды, жара­тылыстану-математика бағыты бойынша І орынды жеңіп алып, «Ең үздік олимпиада командасы» атағына ие болған. Жас дарындар соңғы үш жыл қатарынан қос бағыт бойынша І және ІІ орындарды еншілеп, өңір абыройын асқақтатып келеді. Соны­мен қатар Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында үш жылда 26 мектеп бой көтеріп, қолданысқа берілді. Аталған мектептерде сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасал­ған. Соңғы үлгіде жабдықталған кабинеттер, ерекше балаларға арналған инклюзивті білім орталығы, шеберхана, кітапхана, робототехника, STEM және модификациялы кабинеттер оқушы­лардың игілігіне қызмет етуде.
«Қымбатты жас түлектер, алдарыңда жаңа өмір белесі, үлкен мүмкіндіктер мен зор жауапкершілік кезеңі тұр. Қай жерде жүрсеңдер де, қандай биікті бағындырсаңдар да, әрдайым табыстың кілті – еңбекте, білімде және өз отбасыңа, Отаныңа деген құрметте екенін естен шығармаңдар», – деген Марат Елеусізұлы мұғалімдер мен ата-аналардың да елеулі еңбегін ерекше атап өтті.
Шара барысында жас түлектер білімнің терең қойнауына бойлатқан ұстаздарына алғыс айтып, мектептегі қоңырау үнін соңғы рет қимастықпен күмбірлетті. Қоштасу вальсін билеп, білім ордасына арнап ән шырқады.
«Барлық түлектерді жаңа өмірге қанат қағуымен құттықтаймын. Өмірлік бағыт-бағдар көрсетіп, шамшырақ бола білген мұғалімдерге алғысым шексіз. Қазіргі таңда ҰБТ-ға қызу дайындалып жатырмыз. Физика-математика бағытын таңдап, инженерия саласында білім алғым келеді. Болашақта алған білімімді еліміздің, оның ішінде Алматы облысының гүлденіп-көркеюіне арнағым келеді», – деді жас түлек Нұрдана Мұқаш.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қонаев қаласы