Перейти к содержимому

Жас ұландар жетістігі

Ертеңгі күннен мол үміт күттірер намысты да, білімді ұрпақ – елдің тірегі, ұлттың болашағы. Осы орайда бала тәрбиесі мен біліміне ғана емес, оның ішкі өзегі де мықты болуына мән беріп, бүгінгі білім ошақтарында әскери-патриоттық тәрбие де қолға алынған. Соның жарқын үлгісі – «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбы.

Президент Жолдауына сай, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сарбаз» ұйымын құру, мектептердегі әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту, сол арқылы елімізде әскери-патриоттық сыныптар ашу тапсырылған-ды. Осы мақсатта Түрген ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте 2020 жылы арнайы бағдарлама әзірленіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде алған білім мен әскери қызмет тәжірибесі негізінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбы құрылды.
«Жас бүркіт» сыныбында саптық дайындық, атыс дайындығы, тактикалық дайындық, қоян-қолтық ұрыс, хореография және музыка, этика мен эстетика пәндері бойынша арнайы сабақтар өткізіледі. Запастағы подполковник, алғашқы әскери және технологиялық дайындық мұғалімі Берік Ербұланұлы жаттықтыратын ұландардың әскери-спорттық жетістіктері жетерлік. Бүгіннің өзінде олар Еңбекшіқазақ ауданы бойынша «Алау», «Жас ұлан», «Айбын», «Жас мерген», «СпортФест Қазақстан» жарыстарының жүлдегері атанып үлгерді. 2021-2023 жылдардағы республикалық сарбаз әндері байқауында топ жарса, «Айбын-2024» халықаралық әскери жиынына қатысып, АК-74 қаруын бөлшектеу және жинақтау бойынша 19 команданың ішінде бірінші орынды иеленді. Ал ұлттық спорт түрлерінен 48 команданың ішінде Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан командаларын басып озып, алтыннан алқа тақты. Пневматикалық винтовкадан ату бойынша 90 қатысушы арасында курсант Серікбай Сайдулла үшінші орыннан көрінді.
2025 жылы Ақтөбе қаласында өткен Кеңес одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Мерген ару» республикалық байқауында курсанттар – Жайна Жүсіпбай мен Маргарита Игнатович жүлделі орындарға ие болып, мергендігімен көзге түсті.
Биыл М.Ломоносов атындағы орта мектепте бесінші сынып оқушыларынан құралған «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Олар қазірше саптық дайындық пен ату машығын меңгеріп жатыр. Сонымен қатар тоғызыншы сынып оқушыларынан құралған «Жас құтқарушы» тобы бар. Олар аудандық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп құтқару қызметінің қыр-сырын үйренуде.
«Балалар әскери-патриоттық сабақтарға ерекше қызығу­шылықпен қатысады. Алдағы уақытта «Сарбаз әуені» атты әскери үрмелі оркестр құруды жоспарлап отырмыз. Біліммен бірге тәрбие мен тәртіп те қатар жүруі керек. Сонда ғана босбелбеу емес, елі мен жерін қорғай алатын ұландар өсері анық», – дейді Берік Ербұланұлы.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы