Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінде маңызды кездесу өтті. Іс-шара барысында мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар ант қабылдап, қызметтік әдеп пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды.
Ант беру рәсімі ерекше жағдайда ұйымдастырылды. Мемлекеттік Тудың алдында серт берген жас қызметшілер елге адал қызмет етуге, заң талаптарын сақтауға және халық сенімін ақтауға уәде берді. Бұл – олардың мемлекеттік қызметтегі алғашқы әрі жауапты қадамы.
Кездесу барысында департамент өкілдері мемлекеттік қызметшілер үшін әдеп талаптарын сақтау қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Әсіресе, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық таныту, қызмет барысында бейтарап болу, артық сөз бен әрекетке жол бермеу мәселелеріне тоқталды. Мемлекеттік қызметшінің тек жұмыс орнындағы емес, қоғамдағы және әлеуметтік желідегі мінез-құлқы да көпшіліктің назарында болатыны айтылды.
Жас мамандарға Әдеп кодексінің талаптары түсіндіріліп, мемлекеттік қызметші қандай жағдайда да халық сеніміне селкеу түсірмеуі тиіс екені ескертілді. Өйткені мемлекеттік аппараттың беделі – әр қызметкердің іс-әрекетіне байланысты.
Жиында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі де кеңінен сөз болды. Мамандардың айтуынша, жемқорлықпен күрес тек бақылаумен шектелмейді. Ең алдымен қоғамда адалдық пен әділдік құндылықтарын қалыптастыру маңызды. Осы бағытта мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру, ашықтықты күшейту және әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысын жетілдіру шаралары жүзеге асырылып жатқаны сөз болды. Сонымен қатар қоғамдық бақылаудың маңызына ерекше назар аударылды. Халық пен мемлекеттік органдар арасында сенімді байланыс орнағанда ғана тиімді әрі ашық басқару жүйесі қалыптасатыны анық.
Осындай кездесулер жас мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырып, олардың қызметке деген көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Себебі адалдық, әділдік және кәсіби әдеп – мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары болып қала береді.
Мадияр Исебаев
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі
