4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алатау қаласында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Елдік пен егемендіктің нышаны саналатын Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранға құрмет көрсетуге арналған шараға қала тұрғындары, жастар, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында Алатау қаласының әкімі Аркен Хамитұлы Өтенов сөз сөйлеп, жиналған қауымды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
Өз сөзінде қала әкімі Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұғыры, ұлттық бірегейлігіміздің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ рәміздерді құрметтеу әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін айтып, олардың өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі маңызына тоқталды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, көк Туымызға тағзым көрсетілді. Мерекелік жиынға қатысушылар ел тәуелсіздігінің басты құндылықтарын дәріптеп, мемлекетіміздің жарқын болашағына деген сенімдерін білдірді.
Шара аясында жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар патриоттық және рухты әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсіресе Отанға деген сүйіспеншілік пен елге деген мақтаныш сезімін паш еткен әндер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік іс-шара жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдік рухты қалыптастыруға бағытталды.
Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың тарихы мен тағдырын, тәуелсіздік жолындағы жетістіктерін айшықтайтын қасиетті құндылықтар. Сондықтан оларды құрметтеу мен қастерлеу – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы.
Мерекелік шара соңында қатысушылар ел бірлігі мен мемлекетіміздің өркендеуі жолында игі тілектерін білдіріп, Қазақстанның көк байрағы әрдайым биікте желбірей беруіне тілектестік танытты.
