1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ащыбұлақ ауылдық округінде балаларға арналған ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мереке округ аумағындағы «Первомайские пруды» демалыс аймағында өтіп, жүздеген отбасы мен мыңдаған балаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара барысында балалар үшін концерттік бағдарлама, аниматорлар шоуы, спорттық және зияткерлік ойындар, түрлі байқаулар мен көңілді эстафеталар ұйымдастырылып, бүлдіршіндерге мерекелік атмосфера сыйланды.

Балаларды қолдау мен әлеуметтік қамқорлық көрсету мақсатында демеушілердің қолдауымен қайырымдылық акциялары да өткізілді. Нәтижесінде әлеуметтік осал санаттағы 116 балаға тәтті сыйлықтар табысталып, 48 отбасыға азық-түлік себеттері үлестірілді.
Сонымен қатар мереке аясында округ бойынша 3260 балаға балмұздақ таратылып, балалардың жүздеріне шаттық сыйлады. Ал «Солнышко» балаларды қорғау орталығына 49 жұп аяқ киім тапсырылып, тәрбиеленушілерге қолдау көрсетілді.
Балаларды қорғау күніне арналған бұл шара балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың шығармашылық және танымдық белсенділігін арттыруға, сондай-ақ қоғамдағы мейірімділік пен өзара қолдау құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Балалардың қуанышты күлкісі мен шат көңіліне толы мереке Ащыбұлақ ауылдық округінде ерекше әсер қалдырып, жазғы демалыс маусымының жарқын басталуына айналды.
