Еліміздің барлық өңірінде Белсенді ұзақ өмір орталықтары ашылып, аға буын өкілдерінің өмір сапасын жақсартуға бағытталған игі бастамалар жүзеге асырылуда. Осындай мекеменің бірі Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында да нәтижелі қызмет атқаруда. Аталмыш орталықтың шаңырақ көтергеніне де бір жыл толды.
Айтулы күнге орай ұйымдастырылған шараға орталықтың қызмет алушылары, аудандар мен Алатау, Қонаев қалаларындағы орталықтардың кеңесшілері, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнаулы әлеуметтік қызметтерді үйлестіру бөлімінің басшысы Айжан Есжанова, облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева, облыстық «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ директоры Жәния Сақташева қатысып, қуанышқа ортақтасты.
Шараның шымылдығы ұлттық салт-дәстүр негізінде ұйымдастырылған көрмемен ашылды. Жиналғандар аналар қолынан шыққан түрлі нақышта ою-өрнектелген құрақ көрпе, жастық, төсеніш, сырмақ, қой жүнінен иірілген алаша, кілемше сияқты тоқыма бұйымдарын тамашалады. Төрт түліктің еті мен сүтінен жасалған ұлттық тағам түрлеріне назар аударды. Қариялардың шахмат пен тоғызқұмалақ ойындарына ден қойды.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі аппаратының басшысы Гуля Кенебаева қазыналы қарттар мен ақ жаулықты аналардың қоғамдағы орны қашанда айрықша екенін атап өтті. Белсенді ұзақ өмір орталығының аз ғана уақыт ішінде аудан тұрғындарының алғысына бөленген игілікті ордаға айналғанын тебіреніспен жеткізді. Сондай-ақ қариялардың денсаулығын нығайтып, сергек өмір салтын қалыптастыру жолында білім-біліктерін жұмсап жүрген орталық басшылығы мен қызметкерлерінің еңбегіне ризашылық білдірген аудан әкімінің құттықтау хатын оқып берді.
Келесі кезекте Белсенді ұзақ өмір орталығының Райымбек аудандық филиалы кеңесшісі Балжан Омарова орталықтың бір жыл ішінде атқарған жұмысы жайлы баяндама жасады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында халық денсаулығының жалпы деңгейін арттыру және орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу көзделген болатын. Осы жобаны негізге ала отырып, ауданымызда құрылған Белсенді өмір сүру орталығы бүгін өзінің бір жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. Біз орталық жұмысын жастары 60-80 аралығындағы 70 қызмет алушының тіркелуімен бастадық. Қарттарға йога, цигун, хор-вокал, скандинавиялық жаяу жүріс, тоғызқұмалақ, шахмат, еңбек терапиясы, компьютерлік сауаттылық, психолог, жадыны нығайту, емдік дене шынықтыру – барлығы 9 қызмет бойынша жоғары білімді мамандар дәріс өткізеді. Орталықтың негізгі мақсаты – қариялар денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, – деді.
Бүгінде мұнда 114 адамға қызмет көрсетілуде. Ең үлкен жетістік – қарттардың көзіндегі оттың қайта жайнағаны. Бұрын «мұның маған не керегі бар?» деген ата-әжелер қазір сахнада ән салып, өлең оқитын, би билеп, дене жаттығу жұмысын еркін жасайтын, таяқтарын тастап, өздігінен жүретін, ширақ қимылдайтын дәрежеге жеткен. Әрине мұның бәрі мақсатты істің негізсіз еместігін дәлелдеп бергені анық. Ойын осылайша түйіндеген орталық кеңесшісі қолайлы жұмыс істеуіне мүмкіндік берген аудан әкімдігіне, әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, демеушілерге, сенім артып келген қарттарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Өз кезегінде мінбеге көтерілген облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева мен облыстық «Белсенді ұзақ өмір орталығы» КММ директоры Жәния Сақташева орталық ұжымын бір жылдық белесімен құттықтап, ақжарма лебіздерін білдірді. Облыс көлемінде аға буын өкілдерінің өмір сапасын арттыруға бағытталған игі бастаманың барысы, әлеуметтік маңызы зор жобалардың жүйелі жұмысы, жетістігі жайлы хабардар етті.
Шараның келесі бөлімі орталықта қызмет алушы әжелер шырқаған әсем әндер мен әсерлі өлеңдер, дене жаттығулары, логикалық сұрақтарға арналған ойындармен жалғасты. Ұлттық киім киген әжелер Е.Хасанғалиевтің «Сағындым елім» әнін хормен әуезді шырқаса, «Ақ кимешек» әжелер би тобы мың бұрала билеп, көрерменнің көзайымына айналды. Жас күйшілер орындаған «Ер Тұран» күйі құлақтан кіріп, бойды алды. Қанат Ахметов, Сәуле Жәйшібекова, Бибігүл Солтанқұловадай ата-әжелер мәнерімен оқыған Мұқағали Мақатаевтың «Әке», «Шеше, сен бақыттысың», «Үш бақытым» өлеңдері жүректерге жол тапты. Өзбек халқының шәйі көйлегі, зерлі тақиясымен ортаға жүгіре шығып, «Өзбек биін» билеген әжелер көрерменнің ыстық ықыласына бөленсе, Советай Мекебаева халық әні «Дүние-айды» домбырамен төгілдіріп, тыңдаушының құлақ құрышын қандырды. Сергіту сәтіндегі «Кімге не бұйырады?» сұрақ-жауап ойындарының да әсері мол болды. Лаура Омарбекова, Қайсар Жақаев, Бекжан Үйсінбай, Сәуле Баясылқызы сияқты орталық мамандары қызмет алушылармен орындаған йога, цигун, емдік дене шынықтыру ойындары да мерекенің мерейін асырды. Шара соңында орталық қызметкерлеріне, белсенділік танытып жүрген қарттарға аудан әкімдігінің, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, облыстық Белсенді ұзақ өмір орталығының Алғыс хаттары табыс етілді.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы
