Перейти к содержимому
Главная страница » Димаш – шекарашылар ортасында

Димаш – шекарашылар ортасында

Әлемді әнімен әлдилеген Димаш Құдайберген бізге – шекарашыларға қонаққа келді. Ол ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының таулы шекара бөлімшесіне табан тіреді. Үш мемлекеттің шекарасы түйіскен қасиетті өңірге келген өнер иесінің бұл сапары шекарашылар үшін күтпеген әрі ерекше оқиға болды.

Бұл кездесудің бастауында шекарашылар туралы түсіріліп жатқан «Таймас» көркем фильмі тұр. Фильм желісі адам мен иттің арасындағы адал достыққа құрылған. Бір күні иесінен қапияда айырылған қызметтік ит өмірге деген қызығушылығын жоғалтады. Сол сәтте бөлімшеге Шекара қызметінің Қызметтік кинология орталығынан офицер келеді. Оның да тағдыры ауыр еді. Өзіне адал қызмет еткен төрт аяқты серігін жоғалтқан шекарашы қызметтен кетуге бел буған болатын. Алайда тағдырдың тосын сыйы офицер мен шекарашы итті жолықтырып, араларында ерекше байланыс орнатады.

Байынкөл өзенінің бойында орналасқан шекара бөлімшесінде күн-түн демей еңбек етіп жатқан түсірілім тобының мақсаты біреу – адам мен ит арасындағы шынайы достық пен адалдықты дәріптеу. Осындай қарбалас жұмыс үстіне келген Димаш Құдайберген шығармашылық ұжымға сәттілік тілеп, қолдау білдіруді азаматтық парызы санағандай әсер қалдырды.

Көрші Қытай елінде өткен «I,m a singer» байқауына Құлагерін қосқан Димаш Құдайберген бүгінде Қазақстанды жұмыр жердің халқына таныстырып, өзінің өшпес өнері арқылы ұлыларын ұлықтауын жалғастырып келеді. Сондықтан, бізге Димаштың ел білмейтін жақтарын айтып, «жаңа Американы ашудың» қажеті жоқ. Айтарымыз, Димашты департамент бастығы полковник Талғат Талипов бастаған офицерлер мен сарбаздар құшақ жая қарсы алып, сұхбаттасты, естелікке суретке түсті. Әсіресе Отан алдындағы борышын ел шетінде, жел өтінде атқарып жүрген сарбаздардың сауалдары кездесуге ерекше мазмұн берді. Димаш та олардың бірде-бір сұрағын жауапсыз қалдырған жоқ.

– Майкл Джексон кейде түн ортасында студиясына жүгіріп баратын болған. Себебі келген шабытты жоғалтып алғысы келмеген. Ол мұны Құдайдың берген сыйы деп қабылдаған. Мен де болашақта Алланың қалауымен сондай ерекше шабыт келсе, Отан туралы, еліміздің тыныштығын күзетіп жүрген шекарашылар туралы ән жазуым мүмкін. Бұл кез келген уақытта болуы ықтимал. Сондай сәт туса, мен де оны қалт жібермеймін, – деді әнші.

Осы сөздерден кейін шекарашылар мен шығармашылық топтың ризашылық көңілі ду қол шапалаққа ұласты.

Туған жердің шетінде өткен тағылымды кездесудің соңында Димаш Құдайберген бөлімшенің тілек кітабына жүрекжарды лебізін қалдырды. Ал фильмнің басты кейіпкері Таймастың жанында тұрып, бас режиссер Ғалым Асылов жетекшілік етіп жатқан «Таймас» көркем фильмінің халық ықыласына бөленетініне сенім білдірді. Сәттілік тіледі. Ал шекарашылар бұл күнді ұзақ уақыт ұмытпайтыны анық.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті