Перейти к содержимому
Главная страница » Кітап оқу – мәдениет кілті

Кітап оқу – мәдениет кілті

Бүгінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Оқитын ұлт», «Зерделі ұрпақ» жобалары қолға алынғаны белгілі. Осы орайда Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында «Зерделі ұлт: кітап оқу мәдениетін дамытудың өңірлік моделі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты – кітап оқу мәдениетін дамытудағы өзекті мәселе­лерді талқылау, өңірлік тәжірибе­лермен бөлісу және салааралық серіктестікті нығайту. Дөңгелек үстел жұмысына «Өлке тынысы» ЖШС-нің директоры мемлекеттік органдардың, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар және қоғамдық даму салаларының өкілдері, кітапхана маман­дары, сарапшылар, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды облыстық орталық әмбе­бап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы жүргізіп, кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру бағытындағы басым міндеттерге тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында кітап­ханаларды дамыту және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Жадыра Асылбаева «Алматы облысының кітап­ханаларын модернизациялау жұмыс­тары» тақырыбында баяндама жасап, өңір кітапханаларын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыс­тарды таныс­тырды.
Ақпараттық технологиялар бөлімінің меңгерушісі Фархат Қожабеков «Зерделі ұлт қалып­тастырудағы цифрлық техно­ло­гия­лардың рөлі» тақырыбын арқау етіп, кітапхана қызметінде заманауи технологияларды қолданудың маңыз­ды­­лығына тоқталды.
Әдебиет және өнер бөлімінің мең­герушісі Хамит Алғабекұлы «Зерделі ұрпақ және заманауи оқу мәдениеті» тақырыбында баяндама жасап, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың тиімді жолдарын ортаға салды. Сондай-ақ «TK HOLDING» ЖШС-нің өкілі Тимур Айдаркелов «Кітапхана қызметтерін цифрландыру, заманауи ақпараттық технологияларды енгізу, электрондық сервистер мен цифрлық платформалардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету» тақырыбында таныстырылым жасап, цифрлық шешім­дердің кітапхана қыз­метін жетіл­діру­дегі мүмкіндіктерін саралады.
Шара барысында «РСТ Инвент» компаниясы кітапхана үдерістерін автоматтандыру және RFID технология­ларын енгізу бойынша презентация ұсынып, аталған жүйенің кітапхана жұмысын оңтайландырудағы артықшы­лықтарына тоқталды.
Кездесу барысында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың заманауи тәсілдері, кітапханаларды қоғамдық әрі заманауи орталық ретінде дамыту, цифрлық технологияларды кітап оқу үдерісіне енгізу, жастар мен балалар арасында оқуға қызығушылықты арттыру, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттардың өзара ықпалдастығын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара қорытындысында қатысу­шылар кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салып, тәжірибе алмасты. Дөңгелек үстел қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру және кітапхана саласын одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаң болды.

Қуат Қайранбаев

Метки: