Перейти к содержимому
Главная страница » Өнерліге өріс ашқан

Өнерліге өріс ашқан

Қарасай ауданы Береке ауылындағы Мәдениет үйінде «Обрайн» балаларды дамыту орталығының 10 жылдығына және «ART-SPORT» бағдарламасының 5 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті. Мереке аясында жас өнерпаздардың есеп беру концерті ұйымдастырылып, қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылды.

Салтанатты шара Мәдениет үйінің алдындағы алаңда өтті. Қонақтарды орталықтың жас өнерпаздары ән-күймен қарсы алды. Олардың қатарында ауданға белгілі тұлғалар, ардагер ұстаздар, Қарасай аудандық мәслихатының депутаттары, мектеп директорлары, ата-аналар және Елтай ауылдық округінің тұрғындары болды.
Орталық ұйымдастырған көрмеде жас өрендердің түрлі байқау мен жарыстарда жеңіп алған кубоктары, орталық өмірінен сыр шертетін естелік фотосуреттер және шығармашылық үйірмелерге қатысатын балалардың қолынан шыққан сан алуан туындылар ұсынылды.
Шараға көпшіліктің ұлттық киіммен келуі де ерекше әсер қалдырды. Түрлі-түсті костюм киген бишілер алаңды құлпырған гүл бақшасына айналдырғандай болды. Сахна ақ және көгілдір түсті шармен безендірілді.
Орталық тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарламада балалар ән айтып, би билеп, өнерлерін паш етті. Домбырашылар ансамблінің орындауы да көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
«Обрайн» орталығының барлық шығармашылық үйірмесі өз жетістіктерін көрсете алды. Атап айтқанда, Әсем Бақытжанованың жетекшілігіндегі «Сахна тілі» үйірмесінің мүшелері көңілді пародия ұсынып, көрерменді күлкіге бөледі. Ал «Кербез» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Мақпал Жаркетерова шәкірттерімен бірге «Жайлауда» атты әсерлі биді сахналады.
«Көркем сөз» үйірмесінің жетекшісі Жәмила Қарқынбаева балалардың дұрыс сөйлеу мәнерін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп келеді. Ол шәкірттерін шығармаларды мәнерлеп оқуға, туындының негізгі ойын тыңдарман жүрегіне жеткізе білуге баулиды. Концерт барысында оның бірнеше тәрбиеленушісі өнер көрсетті. Жібек Ізбасар өзінің авторлық «Сыйластық» атты өлеңін оқыды. Ал Әлия Нұрмәди мен Балауса Лепесбаева Мұқағали Мақатаевтың «Бақыт деген не?» және «Өз-өзіңді жақсы көр» атты өлеңдерін орындады. Кешке қазақ эстрадасының әншісі Абай Бегей арнайы келіп, өзінің танымал әндерін шырқады.
Орталық директоры Жанар Тұрғынбаеваның айтуынша, «Обрайн» орталығы 2016 жылдың шілде айында ашылған. Ол кезде небәрі 5-10 бала ғана болған. Қазіргі таңда орталықта шамамен 300 бала өз қабілетін дамытуда. Он жыл ішінде мұнда бес мыңға жуық бала білім алған. Ал «ART-SPORT» бағдарламасы аясында 200 бала тегін оқиды.
Бұл ұжымның алдағы уақытта да ауыл балаларының дамуына бағытталған жаңа жетістіктерге жете беретініне сенім мол.


Қуат ӘБІЛҰЛЫ
Қарасай ауданы