Перейти к содержимому
Главная страница » Отбасы тәлімі

Отбасы тәлімі

Кеген аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Ақ жүрек-Кеген» облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық мәслихат залында көп­балалы отбасыларға психологиялық және құқықтық көмек көрсетуге арналған семинар өтті. Іс-шараға көпбалалы аналар, әлеуметтік сала қызметкерлері, психологтар, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Семинар барысында бүгінгі қоғамдағы отбасының рөлі, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі, отбасындағы татулық пен сыйластық мәселелері кеңінен сөз болды. Кездесудің алғашқы бөлімінде психолог мамандар қатысушылармен арнайы тренинг өткізіп, отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасты нығайту жөнінде пайдалы кеңестер айтты. Сондай-ақ күйзелістің алдын алу, аналардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыру, отбасындағы түсініспеушілікті шешудің тиімді тәсілдері талқыланды. Қатысушылар түрлі психологиялық жаттығуларға қатысып, өзара пікір алмасты.
Мамандардың айтуынша, қазіргі қоғамда отбасы тұрақ­тылығы – ең маңызды құндылықтардың бірі. Себебі берекелі отбасы – тәрбиелі ұрпақтың, ал тәрбиелі ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі. Жиын барысында ұлттық тәрбие, балаға мейірім мен қамқорлық көрсету, ата-ана мен бала арасындағы сенім мәселелері де кеңінен қозғалды.
Семинардың құқықтық бөлімінде заңгерлер көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, жәрдемақыларды рәсімдеу, тұрғын үй кезегі, әлеуметтік көмек түрлері, еңбек, ана мен бала құқығы, алимент өндіру және отбасылық заңнама мәселелері бойынша нақты ақпарат берілді.
Шара барысында сөз алған ұйымдастырушылар отбасы институтын нығайту қоғам алдындағы маңызды міндет­тердің бірі екенін атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай семинарлар халық­тың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, отбасындағы өзара түсіністік пен сенімді қалыптастыруға ықпал етеді.
Қай қоғамда болмасын, отбасының орны ерекше. Татулық пен сыйластық орнаған шаңырақ – мемлекеттің де берік негізі. Сондықтан отбасы тұрақтылығын сақтау – баршаға ортақ міндет.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы