Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алатау қаласында кезекті ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және туған жерге деген жауапкершілікті күшейту.
Тазалық акциясына қала әкімдігі қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдары, әскери қызметкерлер, жастар ұйымдарының мүшелері, еріктілер және белсенді тұрғындар қатысып, жалпы саны 500-ге жуық адам жұмылдырылды.
Сенбілік барысында қатысушылар қала аумағындағы көшелерді, қоғамдық орындарды, саябақтар мен скверлерді, арық жүйелерін және бос жатқан жер телімдерін тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Сонымен қатар, жол жиектерін ретке келтіру, қоқыс қалдықтарын жинау және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу бағытында кешенді шаралар атқарылды.
Экологиялық акция тек тазалық жұмыстарымен ғана шектелмей, қоғамда табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Қала тұрғындары қоршаған ортаның тазалығы әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталатынын түсініп, акцияға белсенді түрде қолдау көрсетті.
Бүгінде «Таза Қазақстан» бастамасы ел көлемінде кең қолдау тауып, азаматтарды ортақ іске жұмылдырудың тиімді үлгісіне айналып отыр. Алатау қаласының тұрғындары да бұл бастамадан шет қалмай, туған қаланың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Таза әрі жайлы қала қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы орайда өткізілген сенбілік қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға ғана емес, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға да оң әсерін тигізді.
Алатау қаласында қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы іс-шаралар тұрақты негізде ұйымдастырылатын болады.
