Айналасы Аспантау, жасыл орман, көгілдір көл, мөлдір бұлақтармен көмкерілген Райымбек ауданында соңғы жылдары туризм саласын дамытуға айрықша серпін беріліп келеді. Табиғаттың тылсым сұлулығы мен шежірелі тарихын ұштастырған қасиетті өлкені әлемге танытуға бағытталған нақты істер қолға алынуда. Бұл – тек туризмді өркендету ғана емес, аудан экономикасының тынысын кеңейтетін тың бастама екені анық.
Осы мақсатта облыстық туризм басқармасы мен «Авалон» тарихи-географиялық қоғамының мамандары Кеген ауданындағы Саты ауылының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, пилоттық жобаны Райымбек жерінде іске асыруға кірісті. Жоба аясында Қарасаз, Жамбыл, Қақпақ ауылдарының тұрғындары өз қаражаты есебінен қонақ үйлер ашып, жол бойынан қызмет көрсету орындарын ұйымдастыруға ден қоя бастады. Сонымен бірге табиғаты көз сүйсіндіретін көркем аймақтарға туристік бағыттар әзірлеу жұмысы да қызу жүргізілуде. Бүгінде Шалкөде, Шұбартал, Көккемер, Байынқол бағыттарына апаратын жолдарға қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, игілікті істің іргесі қаланып отыр. Бұл – шалғайдағы шекара шебіндегі ауданның келешегіне деген сенімнің нығая түскенін аңғартады.
Қарасаз ауылынан ашылған «Ai-Naz» атты қонақүй де аудандағы туризмнің дамуына жол ашуда. Қонақүй иелері Әбдіш Сұлтанаев пен Тұрсынбүбі Өткелбаева – ауданда туризмді дамытуға алғашқылардың қатарында үн қосып, қолдау білдірген жандар. Ел болашағына бей-жай қарай алмайтын ерлі-зайыптылар өздерінің екі қабатты баспаналарын заман талабына сай жөндеуден өткізіп, туристер қабылдайтын еңселі нысанға айналдырған. Қазір мұнда қонақтарға арналған 7 бөлме жаңа үлгідегі жиһаздармен жабдықталып, келушілердің жайлы тынығуына толық мүмкіндік жасалған. Жуынатын, шомылатын, демалатын орындар да талапқа сай. Ең бастысы – қонақүйдің әр бөлмесінен ұлттық болмыстың лебі есіп тұрады. Қонақ үйдің табалдырығын аттаған меймандар тынығып қана қоймайды, шағын кітапханадан әлемдік шығармаларды парақтап, Аспантаулар өлкесінің тарихына қатысты энциклопедиялық еңбектермен танысады. Мұндағы ескі альбомдар мен тарихи жәдігерлер де өткен күндердің шежіресін тереңнен толғайды.
Қарасазға қонақ болып келген адамның Мұқағали рухын сезінбей қайтуы мүмкін емес. Ақиық ақынның әдеби-мемориалдық музейін аралап, өмір жолы мен шығармашылық әлеміне терең бойлаған жан туған жердің қасиетін ақынның өзіндей сезінетіні анық. Ал Тұзкөлдің тұңғиығы мен тылсым жаратылысы, Шалкөде жайлауының жібек кілемдей жайнаған сұлулығы келген жанның таңдайын еріксіз қақтыратыны ежелден белгілі. Өңірге жасаған әсерлі сапардан кейін туристер қонақ үйде жайылған ұлттық дастарқаннан ауыз тиіп, төрт түліктің етінен дайындалған тағамдардың шынайы дәмін сезінеді. Қазы-қарта, жал жая, сары қымыз бен саумалдың иісі мұрын қытықтаса, сүт өнімдерінен жасалған сары май, маңыз, құрт-ірімшік, қатық-айран сияқты тағамдар қонақтардың асқа деген тәбетін айқара ашатыны анық. Бір тәулікте 20 адамға дейін қабылдай алатын «Ai-Naz» қонақүйінің ауданның туристік әлеуетін арттыратын нысанға айналуға мүмкіндігі жеткілікті.
Қарасаз ауылының ортасынан ашылған қазақ үй үлгісіндегі «Заңғар» асханасының да туристер үшін көрсететін қызметі айрықша. Асхананы ашқан осы ауылдың азаматы Толқын Жұмағалиқызы бұл іске үлкен жауапкершілік танытуда. Кәсіпкер аудан әкімдігінің қолдауымен биылғы ақпан мен наурыз аралығында Қытайдың Құлжа қаласындағы «Хуаюжин» мейрамханасынан бір ай тәжірибеден өтіп келген. Сол жақтан заманауи үлгідегі ас мәзірін меңгеріп, дәмі тіл үйіретін тағамдарды тапсырысқа қарай тез арада дайындауды үйренген. Бүгінде «Заңғардан» қазақтың ұлттық тағамдарымен қатар шығыс асханасының да үздік үлгілерін кездестіруге болады. Мұнда келетін меймандарға көрсетілетін ілтипат пен қызмет сапасы аудан туризмінің болашағына деген сенімді арттыра түседі.
Биыл құрылғанына 90 жыл толып отырған табиғаты тұмса, тарихы терең, руханияты бай Райымбек ауданы ендігі жерде туризм арқылы жаңа белеске бетбұрыс жасауда. Аспантаулар акясындағы әсем өлкенің даңқы алдағы уақытта әлемнің барлық түкпіріне жайылып, шекара шебіндегі қасиетті мекеннің экономикалық тұрғыда дамуына тың серпін беретіні анық.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы
