Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
Өзіне келер ұятын,
Өзі біліп тұрса игі.
Жаудан бұққан немені,
Ортасынан қуса игі! – деп Төле би бабамыз дөп басып айтып кеткендей. Біздің бақ дарыған өңірімізде де өлең жолдарында айшықталғандай, әке жолын қуып, елге үлгі-өнеге көрсетіп жүрген азаматтар аз емес. Ал бүтіндей жұмысты отбасымен бірге жұмыла атқарып отырған Бектен Қарсыбеков ағаның әулеті туралы әңгіме – бір бөлек.
Бала кезімізде ата-анамыздан достары Ербол мен Мейрамкүлдің ауа райын болжаумен айналысатынын жиі еститінбіз. Бірақ ойын баласы болғандықтан ба, сол кезде оған аса мән бермедік. Кейін өсе келе, осы бір метеорология саласының қаншалықты жауапты екенін және отбасы мүшелерінің түгелдей дерлігі осы салада еңбек ететінінен хабардар болып, таң-тамаша болғаным бар. Айрандай ұйыған отбасының еңбегі еленіп, бүгінгі таңда жеткен жетістіктері де жетерлік.
Ардақты әкелері Бектен Қарсыбеков 1943 жылы Балқаш ауданы Құйған ауылының жанында Көкку деген жерде дүниеге келген. 1952 жылы Көктал ауылына қоныс аударып, 1960 жылдың қыркүйек айынан бастап осы елдімекен маңындағы №4 метеостансаға жұмысқа орналасады. Сонда еңбек ете жүріп, Алматыдағы гидрометерологиялық мектебін және Ташкенттегі техникумын бітіріп шығады.
Осылайша, Бектен аға 1966 жылдан 2006 жылға дейін, яғни зейнетке шыққанша осы №4 метеостансада басшылық қызметті абыроймен атқарады. 1973 жылы «КСРО гидромет қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, 1978 жылы «Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы» деген құрметті атаққа да лайық деп танылады. ҚазКСР гидромет қызметінің 60 жылдығына орай, 1982 жылы 26 қаңтарда ҚазКСР Жоғары Кеңесі президиумының жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленеді.
«Қоғамдық жұмыстардан да тыс қалмаған әкеміз кез келген іске білек сыбана араласып кететін», – дейді балалары. Оған дәлел – бірнеше рет Көктал ауылдық кеңесінің депутаты, Көктал ауылдық сайлау округінің төрағасы, хатшысы болып қызмет етуі. Он жылда бір рет өтетін Бүкілодақтық халық санағына бөлім нұсқаушысы болып атсалысқаны үшін алған Алғыс хаты да бар. Сонымен қатар қазіргі «АМАNАТ» партиясының да белсенді мүшесі бола білді. Көзі тірісінде Бектен аға өзінің ұлтжандылығымен балаларына Отанды сүюді, ұлтын қадірлеуді үйретті. Зейнетке шыққаннан кейін де өзінің алтын ұясындай болып кеткен метеостансасынан қол үзбей, технолог-метеоролог қызметінде жүрді. «Ат тұяғын тай басар» демекші, осы ұжымда қызмет етіп келе жатқан үш ұлы мен келіндеріне бас-көз болып, оларды өз ісінің шебері болуға тәрбиелеп, ауа райын болжаудың қыр-сырына баулыды.
Жұбайы Әсембала Қоқанова да осы салада 1970 жылдан 1995 жылға дейін қызмет етті. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» демекші, ол 25 жылғы еңбек өтілінде жұмыспен бірге 8 балаға да тәлім-тәрбие беріп, «Алтын алқа» иегері атанды. Тіпті, еңбегінің жемісін де көріп, әртүрлі марапаттан да құралақан қалмады. Өкініштісі, Әсембала апамыз 1995 жылы өмірден озса, ал Бектен аға 2013 жылы дүние салды. «Ғалымның аты өлсе де, хаты өлмейді» дегендей, бұл кісілердің «Қазгидрометке» сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Қазіргі таңда әке жолын балаларының жалғап отырғаны бізді қуантпай қоймады. Тұңғышы Айдар 2007 жылы метеостансаға басшылық қызметке тағайындалды. Осы салада 35 жыл тапжылмай еңбек етуде. Ортаншы ұлы Ербол 1995 жылдан бастап осында жұмыс істейді. Ал үшінші ұлы Ғалым мен Айдар ағаның жұбайы Ләззат метеоролог мамандығы бойынша 30 жыл қызмет атқаруда. 2007 жылдан бері екінші перзенті Ерболдың жұбайы Мейрамкүл Әмірбекова да осы мекемеде алғашқы қадамын бастады. Немерелері Бекарыс Айдарұлы мен Данияр Рысбекұлы да Алматы байланыс колледжін метеоролог мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ол кісілердің жұмыс барысына тоқталар болсақ, басқалар секілді сенбі, жексенбі күндері демалу жоқ. Себебі метеоролог мамандар күнделікті әрбір үш сағат сайын ауа райын бақылап, Алматыдағы орталыққа мәлімет жіберіп отыруы тиіс. Ауысыммен жұмыс істейтін отбасы мүшелері ауа температурасының ылғалдылығын және топырақ температурасын өлшеп отырады. Оның ішінде желдің бағыты және жылдамдығы, әртүрлі ауа құбылыстары (оған жаңбыр, қар, тұман, қырау, қырбақ, шық) жатады. Соларды жіті қадағалап, қалт жібермеу керек. Өйткені мұның барлығы әуе көгінде қалықтайтын ұшақтар үшін де аса маңызды. Сонымен қатар агрометеорология бойынша жайлымға арналған шөптерді көктемнен бастап күзге дейін бакылап, олардың өсуі, тұқым шашуы, қурауы туралы он күн сайын мәлімет береді. Қыста қардың тығыздығын бес күн сайын өлшеп тұрады.
Қызығынан қиындығы көп, асқан жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін жұмысы туралы Ербол Қарсыбековпен тілдескенде, ол мамандығына деген сүйіспеншілігін былайша сабақтады:
– Әкеміз бізді осы салаға бала кезден баулыды. Метеорология бойынша білімімізді жетілдіруге ыңпал етті. Соның арқасында ауа райын зерттеу саласының маманы болып қалыптастың. Кейбіріміздің еңбек өтіліміз 30 жылдан асып кетті. Әрбір үш сағат сайын ауа райын бақылау оңай емес. Шалғай мекенде орналасқандыңтан, көбінесе әйелдеріміз үшін алаңдаймыз. Өйткені олар да өз ауысымында түннің қараңғылығына қарамастан, ауа райын бақылап, облысқа ақпарат беріп отырады. Бірақ сондай қиыншылықтарға қарамастан, бұл – біздің сүйікті жұмысымыз. Ауа райының кез келген құбылысы біз үшін қызық.
«Еңбек жолы – 2019» конкурсының өңірлік кезеңінде Қарсыбековтер әулеті «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған. Республикалық байқауда да жүлдегерлер қатарынан көрініп, Алғыс хатпен марапатталды. Сол жылы метеостанса басшысы әрі әулеттің арқасүйер ағасы Айдар Қарсыбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
Балаларының ардақты ата-анасына деген құрметінің шексіздігі сол, ол кісілердің көзі тірісінде пайдаланған заттарын бір бөлмеге жиыстырып, музей ашып қойған. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, жұдырықтай жұмыла жұмыс істеп отырған еңбек әулетінің өнегесіне біз де тәнті болдық.
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ
Балқаш ауданы
