Іле ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында заңсыз сауданың алдын алу бағытында тұрақты мониторингтік жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері Байсерке, Өтеген батыр және Ащыбұлақ ауылдық округтерінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік шаралар қабылданды. Байсерке ауылында заңсыз металл қабылдау пункттеріне қатысты 5 хаттама толтырылып, 129 750 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар жабайы сауда фактілері бойынша ескерту түріндегі хаттамалар рәсімделді.
Ащыбұлақ және Өтеген батыр ауылдық округтерінде жүргізілген рейдтер барысында жалпы 6 заңсыз сауда киоскісі тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды.
Іле ауданы әкімінің орынбасары Мұхамедғаріп Құрманғалиев: «Заңсыз сауда қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігіне кері әсер етеді. Сондықтан аудан аумағында бұл бағыттағы бақылау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Басты мақсатымыз – заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру», – деді.
Қазіргі уақытта аудан аумағында заңсыз сауда фактілерін анықтау және олардың жолын кесу бойынша жұмыстар жалғасуда.
