Перейти к содержимому
Главная страница » Жарқын жоба жеңімпаздары

Жарқын жоба жеңімпаздары

Қазақ халқы қашанда ұрпақ тәрбиесін ұлт болашағының өзегі санаған. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деген даналық сөздің астарында елге қызмет ету, қоғамға пайда келтіру мазмұны жатыр емес пе?! Ал кез келген жетістіктің артында жанашыр жандардың қолдауы тұрады. Осы орайда намысты азаматтардың қамқорлығы балалардың арманын қанаттандырып, олардың жаңа белестерді бағындыруына жол ашуда.

Міне, осындай игі істің бастауында тұрған «Хантәңірі қырандары» қоғамдық қоры Қазақстанда тұңғыш рет 6 ай бойы 5000 оқушы арасында кітап оқу жарысын өткізген. «Балалықтан – даналыққа!» жобасы Райымбек ауданындағы 22 мектепті толық қамтыды. Осы білім додасының қорытындысы ретінде Алматыдағы Ғылым ордасында жеңімпаздарға арнайы құрмет көрсетуге арналған тағылымды шара өтті. Бұл жолы 5000 оқушыдан үздік шыққан 50 талапты оқушы Қаныш Сәтбаевтың ерен еңбегінің арқасында бой көтерген қасиетті ғимаратта бас қосты.
«Балалықтан – даналыққа!» кітап оқу жобасы Президентіміз
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен астасып жатқаны анық. Мемлекет басшысының ізгі бастамасы бойынша зерделі ұлт қалыптастыру, Отанын сүйетін, елін, жерін қастерлейтін білімді азаматтар­ды тәрбиелеу және Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыруды мақсат еткен мұндай шара қашанда қошеметке лайық.
Жоба бойынша жүйелі түрде әр мектепте балаларды 3 буынға бөліп, жас ерекшелігіне байланысты әртүрлі кітап тарқатылған. Кіші буынға аңыз-ертегі, дастандар, үлкендерге тұлға­лық болмыс қалыптастыруға арнал­ған кітаптар берілген. Ай сайын мектеп­аралық, тоқсан сайын аумақ­тық, жыл соңында аудандық жарыс өткізілді. Балаларды шабыттандыру мақсатында ынталандыру сыйлықтары берілді. Сол жарыстарда шыңдал­ған оқушылар республикалық «Жас Қаныш» байқауында топ жарып, жеңім­паз атанғаны да мәлім.
Жеңімпаз ұл-қыздар мен олардың ұстаз­дары салтанатты түрде сахна төріне шықты. Оқушылардың өздері оқы­ған кітаптары жайлы, шығарма­ның мазмұны мен берер тағылымы турасындағы айтқан сөздері жинал­ғандарды тебіреніске бөлегені рас. Ойларын ашық та нақты әрі мүдірмей жеткізіп, айдынды көзқарастарымен қатар шешендік өнерлерін де танытып үлгерген жеңімпаздар осындай жастар барда болашағымыздың бұлыңғыр болмайтынына сендіргендей.
Қазақ қашанда қариясын қадірле­ген. Осы орайда алғашқы сөз кезегін алған білім саласының қайраткері, зейнетке шықса да халқына еңбек етуді тоқтатпаған Тоққожа Естенов ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында аудан азаматтарының атқарған істеріне алғыс айтып, шәкірттерге ақ жол тіледі. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, «Балалықтан – даналыққа!» жобасының авторы Айдар Мəсімғазы жобаның қалай дүниеге келіп, қалай жүзеге асырылғанына тоқтала келіп, қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысын жеткізді.
Жеңімпаз жеткіншектердің өз қалауы бойынша осы шараның құрмет­ті қонағы ретінде келген Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайрат­кері, «МузАРТ» ансамблінің әншісі Сәкен Майғазиев ұлағатты сөздер айтып, рухтандыратын әнімен шараның салтанатын арттыра түсті. Келесі кезекте ұшқыр ойын ұтымды сөзге түйіп, батыл пікірін, нық сенімін әр жүрекке жеткізіп жүрген алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай жиналған көпшіліктің жүрегіне от тастайтын жалынды сөздері­мен сүйсінтсе, сахнада – әнші, өмірде – өнегелі әке, өнердің бірегей өкілі Нұрлан Албан, қазіргі таңдағы қазақ кино және театр өнерінің өкілі Еркебұлан Дайыров өмір мен өнер турасында, алға қойған мақсатқа жету жолында талмай еңбек ету қажеттігі жөнінде жеткізе айтты. Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетова да әуелете салған әнімен ғана емес, әсерлі әңгімесімен де тәнті етті.
«Жер – жотасыз, ел – атасыз, отырыс батасыз болмайды» дегендей, ел ағасы Босатқан Ұлдарбеков ақсақалдың ақ батасынан кейін жеңімпаз ұл-қыздар білім ордасының алдында күтіп тұрған автобустарға жайғасып, ағалары ұйымдастырған Түркістан сапарына жол тартты.

Қуат Қайранбаев