Қарасай ауданындағы «Нұр-Аман» спорт кешенінде облыстың рапид шахматтан кубогы өз мәресіне жетті. Жарысқа өңірдің әр буынынан 240-тан астам ойыншы қатысып, шахматтың облыстағы ең сұранысқа ие әрі қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Турнир жыл сайын 20 шілдеде аталып өтетін Халықаралық шахмат күніне орай ұйымдастырылды.
Мұндай жарыстар жас спортшылардың шеберлігін шыңдауда ерекше маңызға ие. Олар жас шахматшыларға тәжірибелі қарсыластармен күш сынасып, жарыс тәжірибесін жинақтауға, спорттық шеберлігін арттыруға және разрядтық нормативтерді орындауға мүмкіндік береді. Ал ересек қатысушылар үшін бұл турнир өз дайындық деңгейін дәлелдеуге, тәжірибе алмасуға және зияткерлік спортты кеңінен насихаттауға жол ашады.
Жарыс швейцариялық жүйе бойынша өтті. Әр қатысушыға партияға 10 минут уақыт беріліп, әр жүріске бірінші жүрістен бастап 5 секунд қосылып отырды. Мұндай формат ойыншылардан дебюттерді терең меңгеруді, тактикалық ойлау қабілетін ғана емес, уақыттың тығыздығында нақты әрі жылдам шешім қабылдай білуді талап етеді.
– Әр партия өзінше күрделі әрі қызықты өтті. Рапидте бір сәтке де зейінді жоғалтуға болмайды. Шахмат – тек зияткерлік ойын ғана емес, сонымен қатар стратегиялық ойлау, сабырлылық, жауапкершілік пен үздіксіз дамуға ұмтылысты қалыптастыратын спорт, – деді жеңімпаз Асылжан Қасымов.
Жалпыкомандалық есепте І орынды Қарасай ауданы иеленсе, ІІ орын Талғардың, ІІІ орын Іле ауданының еншісіне бұйырды.
Өз тілшіміз
Қарасай ауданы


