Перейти к содержимому
Главная страница » Цифрлық сауаттылықтың маңызы зор

Цифрлық сауаттылықтың маңызы зор

Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары өтті. Бұл жолы бастаманың басты кейіпкерлері – еріктілер болды. Олар тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, қазіргі таңда жиі кездесетін интернет-алаяқтық тәсілдерін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізді.

Кездесу барысында «бейтаныс сілтемеге өту», «ұтыс ұтып алдыңыз» деген жалған хабарламалар, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратын қоңыраулар сияқты кең таралған айла-тәсілдер нақты мысалдармен түсіндірілді. Еріктілер әр жағдайды өмірмен байланыстырып айтып, «осындай кезде не істеу керек?» деген сұрақтарға нақты жауаптар берді.

Сонымен қатар жеке деректерді қорғаудың маңызын айтып берді еріктілер. Әсіресе, банк картасының нөмірін, құпия кодтарды, SMS арқылы келетін растау сандарын ешкімге бермеу керектігін де ескертті.

Ақпараттық жадынамалар бұл жолы жай ғана таратылып қоймай, әр тармағы түсіндіріліп отырды. Нәтижесінде тұрғындар қағазды алып қана қоймай, оның мазмұнын шынайы түсініп қайтты. Көпшілік үшін бұл кездесу «сақ болу керек» деген жалпы ескертуден гөрі, нақты әрекет ету дағдыларын үйреткен пайдалы тәжірибеге айналды.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

ҰЙҒЫР АУДАНЫ