Перейти к содержимому
Главная страница » Домбыра – ұлт рухының үні

Домбыра – ұлт рухының үні

Ұлттық домбыра күні – халқымыздың төл өнері мен ұлттық құндылықтарын дәріптейтін ерекше мереке. Қазақтың қасиетті қара домбырасы – ұлттық болмысымыздың, тарихи тамырымыздың, рухани мұрамыздың ажырамас бөлігі. Домбыраның қоңыр үні халқымыздың сан ғасырлық тарихын, елдік рухын, салт-дәстүрі мен мәдениетін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Домбыра – ұлттың жаны, халықтың рухани коды. Оны ұлықтау – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу деген сөз», – деп атап өткен болатын. Бұл – ұлттық өнерді сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету жолындағы маңызды міндет.

Осыған орай, Алатау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен және Алатау қаласының Мәдениет үйі ұжымының қатысуымен Ұлттық домбыра күніне арналған ерекше мәдени-рухани акция өтті.

Іс-шара барысында өнерпаздар қаланың ықшам аудандарындағы халық көп шоғырланатын орындарды, сауда орталықтары мен жұмыс орындарын аралап, «Ел іші – өнер кеніші» атты тағылымды бастама аясында домбыра тартып, халық әндерін орындады. Акцияның басты мақсаты – ел арасындағы өнерлі азаматтарды тауып, ұлттық өнерді кеңінен насихаттау, домбыра мәдениетін дәріптеу және халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлау болды.

Күй күмбірі мен әсем әндер тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп, көпшілік ұлттық өнердің құдіретіне тағы бір мәрте тәнті болды. Мұндай игі бастамалар халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және жастардың дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосады.