Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары!
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді кең-байтақ Отанымыздың жүрегі – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке әрбір қазақстандық үшін ұлттық мақтаныштың шынайы символына айналды. Өйткені Астана – елдің жүрегі, халықтың тынысы. Бұл қаладан жаңарудың лебі есіп тұрады. Асқақ идеялар дүниеге келіп, маңызды келісімдер жасалады және болашаққа айқын жоспар құрылады. Астанасы мықты елдің іргесі де берік, мақсаты да айқын.
Елорда – ел бейнесі. Біздің Астанамыз аз уақытта жаңа технология мен дала дәстүрі үйлескен әлемдік деңгейдегі алып мегаполиске айналды. Бүгінде Астана жаңа бастамалардың ордасы саналады. Білімді, дарынды азаматтардың ашық алаңы әрі халықаралық ынтымақтастық орнатуда Астана маңызы зор шаһар ретінде танымал. Сонымен бірге, Астана – біздің ұлттық мәдениетіміз, өмір салтымыз және болашаққа деген көзқарасымыз тоғысқан киелі орда. Жаңа халықтық Конституциямыз да осы қалада қабылданып, келешекке жол ашып отыр.
Елорданың гүлденуі тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына жол сілтеп, ажарын айқындай түседі. Өйткені Астана барлық өңірлер үшін, оның ішінде Алматы облысы үшін де айнымас темірқазық болып саналады. Астана күні – мемлекет орталығының маңызын ғана арттырып қоймай, елді бір идеяға біріктіріп, отаншылдық рухымызды оятатын айтулы мерекенің бірі. Ендеше, мереке құтты болсын, құрметті жерлестер!
Елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрып, Астанамыз жарқын жетістіктердің үлгісі ретінде жылдан-жылға көркейе берсін!


