Перейти к содержимому
Главная страница » Құқығын білу – қажеттілік

Құқығын білу – қажеттілік

Шарын ауылында «Заң мен тәртіп» бағыты аясында ерекше форматта «Құқықтық жадынамалар тарату» акциясы өтті. Бұл жолы шара құрғақ баяндаумен шектелмей, тұрғындармен еркін әңгіме, пікір алмасу түрінде ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – халыққа заң талаптарын түсінікті тілмен жеткізу, құқықтық сауаттылықты арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу.

Акцияға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қали Азиз және жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы Зухра Генякова қатысып, ауыл тұрғындарымен тікелей байланыс орнатты. Олар әр адаммен жеке сөйлесіп, күнделікті өмірде жиі кездесетін құқықтық мәселелерді мысалға келтіре отырып түсіндірді.

Жадынамалар тарату жай ғана қағаз үлестірумен шектелмей, мазмұнын ашып түсіндірумен қатар жүрді. Тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, заң бұзушылықтың салдары қандай болатыны жайлы нақты мысалдар арқылы айтылды. Әсіресе, алаяқтық, тұрмыстық құқықбұзушылықтар мен қауіпсіздік мәселелері ерекше назарға алынды.

Кездесу барысында кейбір тұрғындар өз басынан өткен жағдайларды да бөлісіп, «осындайда не істеу керек еді?» деген сұрақтар қойды. Полиция қызметкері нақты мысалдар арқылы жауап беріп, кейбір ұсақ көрінетін әрекеттердің өзі заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. Осындай тірі диалогтың арқасында әңгіме біржақты емес, шынайы әрі пайдалы өтті.

Жадынаманы қолына ұстап қана кетпей, оның мәнін түсініп қайтқан адамдардың көзқарасынан-ақ шараның нәтижесін байқауға болды. Көпшілік үшін бұл күн жай ақпарат алу емес, өз құқықтарын ой елегінен өткізіп, заңға деген көзқарасын жаңаша қалыптастыруға себеп болғандай әсер қалдырды.