Алматы облысында елімізде тіркелген 7 партия өкілдері алда келе жатқан Құрылтай сайлауына байланысты тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, белсенді жұмыс жүргізуді бастап кетті. Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің редакциясы партиялардың өңірдегі жұмысы жайлы ақпаратпен күнделікті бөлісіп отырады.
Қоғамдық қабылдау алаңы жұмысын бастады
Қонаев қаласындағы №5 жағажайда «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау алаңы ашылып, тұрғындар мен қала қонақтарының ұсыныс-пікірлерін қабылдау басталды.
Ұлттық құрылтай аясында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдау алаңында азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстары мен тілектерін қалдыра алады. Барлық өтініштер жинақталып, зерделеніп, алдағы уақытта партияның жұмысы мен бастамаларында ескерілмек.
«Құрметті Қонаев қаласының тұрғындары мен қонақтары! Бүгін №5 жағажай аумағында «Әділет» партиясының сайлаушылардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін қабылдайтын қоғамдық қабылдау алаңы өз жұмысын бастады. Оның негізгі мақсаты – әрбір азаматтың ұсынысын тыңдап, оны зерделеп, алдағы уақытта партияның жұмысы мен бастамаларында ескеру. Сондықтан әрқайсыңыздың пікіріңіз бен ұсынысыңыз біз үшін өте маңызды», – деді «Әділет» партиясы Алматы облыстық сайлауалды штабы төрағасының орынбасары.
Бүгінде жемісті жүзеге асып жатқан жобаларының бірі – қоғамдық қабылдаулар алаңы. Халықпен көзбе-көз кездесіп, мұң-мұқтаж, ұсыныс-тілегін өз ауызынан есту – мемлекеттің әлеуметтік бейнесін анық түсініп, қоғамдық тынысын айқын сезінуге бірден-бір таптырмас тәсіл.
«Мен бүгін осы қабылдау алаңы ашылғанын естіп, өз ұсынысымды айтуға келдім. Құрылыс саласының маманы ретінде бұл салаға бөлінетін инвестицияның тиімді әрі ашық жұмсалуына, ең бастысы салынып жатқан нысандардың сапасына ерекше көңіл бөлінуі керек деп есептеймін. Сондықтан өз ұсынысымды партияға жеткізуге келдім», – деді қала тұрғыны.
Экспортты дамыту маңызды
Алатау қаласы «Арна» ықшам ауданында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Алматы облыстық филиалы мүшелерінің қатысуымен кезекті кездесу ұйымдастырылды. Бұл жолы партия өкілдері Rollton, Big Bon, Sunbel өнімдерін өндіретін ірі халықаралық компания «Маревен Фуд Тянь-Шань» мекемесіне барып, ұжыммен жүздесті.
«Маревен Фуд Тянь-Шань» компаниясы өңірдегі тамақ өнімдерін өндіретін негізгі кәсіпорындардың бірі саналады. Кәсіпорынның қазіргі таңдағы қуаттылығы жылына 160 мың тонна дайын өнімді құрайды, экспорт көлемі 20 мың тоннадан асады.
Жалпы, өткен жылы өндірісті жаңғыртуға 35 млрд теңге инвестицияланды, 700-ге жуық жұмыс орны ашылды. Қызметкерлердің 95%-ы жергілікті тұрғындар. 2026 жылы компания жаңа өндірістік желіге қосымша 4,5 млрд теңге салуды жоспарлап отыр. Бұл өндірістік қуатты 170 мың тоннаға дейін, ал қызметкерлер санын 780 адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ал жалпы 2030 жылға дейін «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС өндірісті кеңейтуге тағы 21 млрд теңге инвестиция салуға ниетті. Нәтижесінде 1 мыңға дейін жұмыс орнын ашу жоспарлануда, бұл жергілікті экономиканың дамуына және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін болады.
Жүздесуде кәсіпорын жұмысшылары медицина, білім, баспана мәселесі бойынша көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Сонымен қоса кәсіпорындарға өсуі үшін тұрақты және болжамды жағдайларды қамтамасыз ете отырып, өнеркәсіп өндірісі көлемін ұлғайту, терең өңдеу үлесін арттыру, логистиканы және экспортты дәйекті түрде дамыту маңызды екені айтылды.
Экологиялық мәселе талқыланды
«Байтақ» жасылдар партиясы облыстағы бірқатар тұрғындармен кездесті. Ашық диалог форматында өткен жиында өңірлердің экологиялық мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында партия өкілдері экологиялық қауіпсіздік, жасыл экономиканы дамыту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бағытындағы бастамаларға тоқталды. Жиын барысында өңірлердің тұрғындары тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау жүйесін енгізу, емдік бұлақ аумағын абаттандыру, ауызсу сапасын зерттеу, жайылым жерлерді сақтау, фермерлерді қолдау, ауыл аумағының шекарасы және кәріз тазарту құрылыстарының жұмысына қатысты түйткілдерді көтерді.
Партия өкілдерінің айтуынша, Қазақстандағы экология мәселелері соңғы жылдары маңызды мәселелердің бірі болып келеді. Елдің экологиялық жағдайына әсер ететін негізгі факторларға: климаттың өзгеруі, шөлейттену қаупі, өнеркәсіптік ластану, ормандардың аздығы, су ресурстарының тапшылығы, қалдықтарды дұрыс өңдемеу сынды мәселелерді жатқызуға болады. Жалпы, осындай экологиялық проблемаларды шешу үшін Қазақстан үкіметі мен қоғамдық ұйымдар әртүрлі бағдарламалар мен бастамаларды қолға алуда, оның ішінде жасыл экономикаға көшу, экологиялық білім беру және табиғи ресурстарды тиімді басқару шаралары қарастырылуда. Сол үшін Қазақстанның табиғи байлықтарын сақтап қалу, елдің экожүйесін жақсарту арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру айырықша маңызға ие.
Жүздесуде партия өкілдері барлық ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назарға алынатынын айтып, оларды шешу жолдарын заңнамалық деңгейде қарастыру маңызды деді.
Еңбек нарығы ерекше назарда
«Қазақстан Халық партиясы» Алматы облыстық филиалы облыстық еңбек мобильді орталығының ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамтуды қолдау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бастамалар кеңінен таныстырылды. Ұжым мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Орталық мамандарының сөзінше өткен жылы 72 541 жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 58 528-і тұрақты, 14 013-і уақытша жұмыс орындары. Сонымен қатар, ұлттық жобалар аясында 3 363 жұмыс орны ашылды. Жұмыссыз азаматтарды нақты еңбек нарығына тартуға да ерекше көңіл бөлінген. 2025 жылы тұрақты бос жұмыс орындарына 22 099 адам орналастырылды. Бұл көрсеткіш өңірдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер еткен. Сондай-ақ жұмыспен қамтуды субсидиялау бағдарламалары арқылы мыңдаған азамат жұмысқа орналасқан. Атап айтқанда, бір жыл ішінде осы бағыттағы жобаларға 12 256 жұмыссыз азамат тартылған.
Кездесу барысында өнеркәсіп саласын дамытуға, өндірісті қолдауға және еңбек адамының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты бастамалар кеңінен талқыланды.
Партия өкілдері көтерілген мәселелерді жан-жақты түсіндіріп, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Сонымен қоса көші-қон саясаты, еңбек нарығын дамыту, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы, ұзақ уақыт зиянды орында жұмыс істеген адамдарды әлеуметтік қорғау, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде сөз қозғады. «Қазақстан Халық партиясы»
Сындарлы диалог жалғасады
«Ауыл» партиясы Алматы облыстық филиалының қызметкерлері Іле аудандық Мәдениет үйінің кітапханасы ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесуде партияның мәдениет пен білім саласын дамыту, кітапхана қызметінің қоғамдағы рөлін арттыру, әлеуметтік саланы қолдау және өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамалар кеңінен талқыланды. Кітапхана қызметкерлері кәсіби қызмет барысында кездесетін өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Мәдениет саласын дамыту, кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру, кітап оқу мәдениетін насихаттау және саланың кадрлық әлеуетін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Кітапхана – білім мен мәдениеттің, рухани және интеллектуалды дамудың қайнар көзі. Ол оқырмандарға тек кітап оқып қана қоймай, түрлі танымдық, тәрбиелік және шығармашылық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Қазіргі кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес. Бұл – білім беретін, ой қалыптастыратын, азаматтық сана дамитын орталық. Егер біз білім мен мәдениетті басты құндылық деп танысақ, кітапханалар қоғамды дамытуда маңызды күшке айналады. Жастардың оқуы, ізденуі, сыни ойлауы – ел болашағы. Конституциялық өзгерістердің мақсаты да – білімді, жауапты, белсенді қоғам қалыптастыру», – деп атап өтті «Ауыл» партиясы Алматы облыстық филиалының басшысы Қанат Бекиев.
Келешекте де «Ауыл» партиясы мәдениет саласы қызметкерлерімен сындарлы диалогты жалғастыруды көздейді. Кездесу ашық форматта өтті. Қатысушылар сұрақ қойып, өз ойларын ортаға салды.
Ауылдың әлеуетін көтеру жайы талқыланды
«Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы облыстық сайлауалды штабының мүшелері Қонаев қаласында, Еңбекшіқазақ ауданында, сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданының Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Алға ауылында, Іле ауданының Байкент, Жайнақ және Ақсай ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесулер өткізді.
Іс-шаралар барысында штаб мүшелері тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, өңірлік экономиканы нығайту, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, жастарды қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Жергілікті атқарушы билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, ауылдың тыныс-тіршілігін жақсарту және өзекті мәселелерді ортаға салып, бірлесе шешу – бүгінгі күннің басты талабы екені анық. Жүздесуде өңір тұрғындары тарапынан бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда ауылішілік көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік нысандармен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі айтылды.
Штаб мүшелерінің айтуынша, бүгінде 20 млн халықтың 41%-ы ауылдық жерде тұрады. Еліміздің ауылшаруашылық саласында өте мол шикізат қоры бар. Осы мол шикізат көзі шағын және орта бизнесті дамытудың әлеуетін арттыратын үлкен мүмкіндік екенін естен шығармау қажет. Ең бастысы, ауылдық жерлерде мал және өсімдік шаруашылығының шикізаттарын терең өңдеу арқылы халқымызды отандық сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізуге болады. Азаматтармен ашық пікір алмасу барысында тұрғындардың ұсыныстары мен сұрақтары тыңдалып, оларға жан-жақты жауаптар берілді.
Нақты бастамалар кеңінен талқыланды
Respublica партиясының өкілдері Қонаев қаласында орналасқан «Бағашар Мекен» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Қаланың бизнес пен инвестиция орталығына айналуына бірнеше маңызды фактор әсер етуде. Ең алдымен, Қонаев қаласының облыс орталығы ретінде қалыптасуы оның экономикалық маңызын арттырды. Жаңа әкімшілік, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың бой көтеруі қаланың даму қарқынын жеделдетіп, кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне жағдай жасады. Бүгінде облыс орталығы жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптасып жатқан заманауи қала ретінде дамуда. Жүздесуде инвестиция – қаланың экономикалық дамуын қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі екені айтылды. Қалада инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән беріліп, жаңа өндіріс орындарын ашу, қызмет көрсету саласын дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Инвестиция көлемінің артуы қаланың экономикалық тұрақтылығын нығайтып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Кездесу барысында өнеркәсіп саласын дамытуға, өндірісті қолдауға және еңбек адамының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты бастамалар кеңінен талқыланды.
Шағын және орта бизнес Қонаев қаласының экономикасында маңызды рөл атқарады. Кәсіпкерлер сауда, қызмет көрсету, өндіріс, туризм және басқа да салаларда белсенді жұмыс істеуде. Олардың бастамалары қаланың экономикалық қозғалысын күшейтіп, жергілікті нарықтың дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар шағын бизнестің дамуы тұрғындарға қажетті тауарлар мен қызметтердің қолжетімді болуына мүмкіндік береді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Ұжым қызметкерлері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, өзекті мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алды.

