Перейти к содержимому
Главная страница » САЛА АХУАЛЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

САЛА АХУАЛЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өңірдің су шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Келелі жиынды ашқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бүгінде өңірде 221 ірі гидротехникалық нысан орналасқанын, 2025 жылы оларды басқару және қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жобаларын іске асыру мақсатында су ресурстары және ирригация басқармасы құрылғанын хабардар етті.
Сөз кезегін алған су ресурстары және ирригация басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аят Сәбитов өзі жетекшілік ететін саланың қызметі, су шаруашылығы саласының ағымдағы жағдайы, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы және облыс әкімінің қолдауын қажет ететін мәселелер жайын баяндамасының арқауына айналдырды.
– Су ресурстары және ирригация қызметінің негізгі бағыты – ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз ету, гидротехникалық құрылыстарды пайдалану, ирригациялық инфрақұрылымды дамыту, су шаруашылығы объектілерін салу және инвестициялық жобаларды іске асыру. Өкілеттігінің кең ауқымына қарамастан, штат бойынша 8 қызметкері бар басқарма 391 адамды құрайтын «Алматыоблводхоз» және «Сорбұлақ» мекемелерінің қызметін үйлестіреді. Қазіргі кезде облыста суармалы жерлердің жалпы аумағы – 223 мың гектар. Қонаев қаласында 8,4 мың, Талғар ауданында 11,7 мың, Балқаш ауданында 26,5 мың, Қарасай ауданында 2,2 мың, Жамбыл ауданында 6,7 мың, Іле ауданында 7,2 мың, Еңбекшіқазақ ауданында 51,8 мың, Ұйғыр ауданында 10,3 мың, Райымбек ауданында 6,1 мың гектар аумақта ауыл шаруашылығы тауар өндірушісімен суармалы су беруге шарттар жасалды. Облыста суармалы су беруді республикалық «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы, «Алматыоблводхоз», «Сорбұлақ» коммуналдық кәсіпорындары, «Көксу», «2НС», «Овощводхоз», «Қараш», «Гидросервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қамтамасыз етеді. 71 су қоймасы, 118 тоған, 17 гидроторап, 13 бөгет пен дамба өңір су қауіпсіздігінің негізі болып саналады, – деген басқарма басшысының міндетін атқарушы саланың негізгі мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бірқатар нысан бойынша жер телімдері мен мүліктік құқықтардың тиісті түрде рәсімделмеуі оларды толыққанды пайдалану және одан әрі дамыту мүмкіндігін шектейді. Осы мәселені шешу мақсатында басқарма тарапынан нысандарға түгендеу жүргізетін, жер телімдерін рәсімдейтін және жерді суару және балық шаруашылығын дамыту үшін тоғандарды коммуналдық меншікке қабылдауға дайындайтын жұмыс тобы құрылған. Облыс аумағындағы 1 564 өзеннің су қорғау аймақтары мен белдеулері тек 2025 жылы 149 өзенде белгіленген. Биыл тағы 31 өзен бойынша жұмыс атқарылуда. Сонымен қатар су шаруашылығы нысандарын көпфакторлы тексеру жүргізілуде.
Аят Сәбитұлының айтуынша, «Алматыоблводхоз» кәсіпорыны 77 гидротехникалық құрылысқа, жалпы ұзындығы 3 524 шақырым болатын 247 каналға, 1 сорғы стансасына қызмет көрсетеді. 72,6 мың гектар алаңда 3 511 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне су беруді қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның өзіндік өндірістік базасы және әкімшілік ғимараты жоқ. Қазіргі уақытта қызметкерлер тұрақты орналасу орнынан алыстағы апатты үй-жайларда орналасқан. Мамандандырылған техниканы сақтау және жөндеу үшін жағдай жасалмаған. Басқарма басшысы міндетін атқарушы Қонаев қаласынан әкімшілік ғимараты бар өндірістік базаны сатып алуға қаражат бөлу, мамандандырылған техника паркін кезең-кезеңімен жаңарту үшін облыс әкімінен қолдау көрсетуді сұрады. Сонымен бірге аймақ басшысын Жамбыл ауданының ауыл шаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз ететін 5 мың гектар алаңы бар жеті сорғы стансасын пайдаланатын «Сорбұлақ» кәсіпорынының ахуалымен таныстырды. Сөзінің соңында басқарманың штаттық санын ұлғайтуға, жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу мен түзету құрылысын аяқтауға, екі ведомстволық бағынысты ұйымды дамытуға қаржы бөлуге, бекітілген қаржыландыру лимитіне өзгеріс енгізуге ұсыныс білдірді.
Жиынды қорытындылаған Марат Елеусізұлы су ресурстары және ирригация басқармасына облыс аумағындағы су тоғандарын түгендеу жұмысын толық аяқтауды тапсырды. Аймақ басшысы басқармаға қарасты мекемелердегі 400-ге жуық қызметкердің арасынан қажетті мамандарды жұмысқа тартып, бір ұжым болып жұмылу керегін қаперге салды. Қонаев қаласында мемлекет меншігіне сатып алынып жатқан нысандардың бірінен қажетті ғимарат алуына мүмкіндік бар екенін айтты. Сонымен қатар инвестиция тарту, жұмыстардың бір бөлігін өз күшімен орындау, қосымша табыс табу, жаңа жұмыс орындарын құру және тағы басқа бастамаларға қолдау білдіріп, бағыт-бағдар көрсетіп, кеңес берді.
Марат Елеусізұлы су ресурстары және ирригация басқармасы тарапынан іске асырылып жатқан жобалардың сапалы орындалуын бақылауды орынбасары Бақытнұр Бақытұлына тапсырды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ