Перейти к содержимому
Главная страница » Шекарадағы ахуал толық бақылауда

Шекарадағы ахуал толық бақылауда

Қонаев қаласында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалық етуімен, үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Шекара бөлімшелерінің инфрақұрылымын жақсартуға арналған отырысқа ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Қайрат Тәліповпен бірге облыстағы құзіретті органдардың басшылары қатысты.

Отырысқа қатысушыларға департамент бастығы болып тағайындалғанына көп болмаған полковник Қайрат Тәліповті таныстырып өткен соң Қанат Болатұлы бүгінгі басқосу – шекара тақырыбына қатысты кезек күттірмес мәселелерді бірлесіп шешуге арналғанын атап өтті. «Қытай және Қырғыз елдерімен шекаралас Райымбек, Ұйғыр, Кеген, Қарасай және Жамбыл аудандарындағы шекара бөлімшелерінің ел шебіндегі қызметтеріне барынша жағдай жасау үшін қолдан келген көмектерімізді аямаймыз», – деген Қанат Болатұлы сөз кезегін шекара мәселелері бойынша үйлестіру кеңесінің хатшысы подполковник Ерқанат Бердіғұлға берді.
2024 жылы Кеген ауданының Мыңжылқы елдімекеніндегі теңіз деңгейінен екі мыңнан астам метр биіктіктегі Шарқұдық шатқалында заманауи модульдің лентасы қиылған болатын. «Шекараны нығайтуға арналған жол картасы – 2024» бағдарламасы аясында шекарашыларға берілген модульдің саны бүгінде айтарлықтай артқан. Сонымен қатар Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының «Өртенсай», «Сарытөбе», «Сұңқар», «Қалжат», Кеңес Одағының батыры генерал М.Мерқұлов атындағы шекара бөлімшелерін ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы орайда М.Мерқұлов атындағы шекара бөлімшесіне ауызсудың тасымалданып келе жатқанына 20 жылдан асып бара жатқанын айта кеткеніміз абзал,. Подполковник Е.Бердіғұлдың айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен жасалып жатқан ауқымды жұмыстар алдағы қыркүйек айында аяқталуға тиіс. Сондай-ақ Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «Қаскелең» шекара бөлімшесі күзге дейін көгілдір отынмен қамтылатын болады.
«Шекараны бүкіл ел қорғайды» қағидасының өміршеңдігін әсіресе шекара аймағындағы тұрғындар жақсы біледі. Өйткені, шекара сызығын күзету тек шекарашылардың ғана емес, сол маңда тұратын әрбір тұрғынның борышы. Сондықтан да жергілікті халықтан құралған ерікті жасақшылардың ел тыныштығын сақтауға қосқан үлестері қомақты. Олар өз кезегінде тек Алматы облысы бойынша департаменті басшысының және шекара басқармалары тарапынан марапатталып қана қоймай, облыс әкімінің бағалы сыйлығына ұсынылатын болады. «Алматы облысы бойынша департаменті мен облыстық Полиция департаменті басшылары ерікті жасақшыларды ынталандыру туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде ерікті жасақшылардың еңбектері жыл соңында бағалы сыйлықтармен марапаталатын болады», – деп сөзін түйіндеген департамент өкілі, подполковник Е.Бердіғұлдың баяндамасынан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.Есболатов шекарадағы өзге де түйткілі бар сауалдар бойынша жиынға онлайн қатысып отырған аудан әкімдерін тыңдады. Бірқатар тапсырма берді.
Жалпы, облыс әкімінің тікелей қолдауы арқасында шекара бөлімшелерінде бүгінгі заман талабына сай инфрақұрылымдар бой көтеруде. Мұны биылғы жартыжылдықта іске асырылған жұмыстарға қарап бағамдауға болады.

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы