Перейти к содержимому
Главная страница » Шекарашылар сыныбы

Шекарашылар сыныбы

Елімізде жас ұрпаққа заманауи тұрғыдан жақсы тәрбие берудің жолдары кеңінен қарастырылып, қажетті жақтары өмірден берік орын алып келе жатқанына көзіміз жетіп, көңіліміз сеніп жүр. Оның, әсіресе, мектеп қабырғаларында берік орныға бастауының өзі жас ұрпақтың өмірге деген, білімге деген құштарлығы мен ынта-ықыласын арттыра түсетіні анық.

Қарасай аудандық білім бөлімі жақсы іске бастамашы болып, Ораз Жандосов атындағы орта мектептен «Жас айбын» атты жас шекарашылардың кадет сыныптары ашылды. Аты айтып тұрғандай, аталған кадет сыныптарының басты міндеті – жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбие рухында, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға, тәртіп пен реттілік бағытында тәлім-тәрбие беруге күш салу.
Мәні мен маңызы зор осынау іс-шараға аудан көлеміндегі мектептердің ұстаздары мен оқушылары және мектеп директорлары қатысты. Сол сияқты Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, полковник Сәбит Түлкібаев, Қарасай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Ерлан Әбдіхалықов, Қарасай аудандық «Асыл ана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлтай Бархинова, О.Жандосов ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Алмахан Қағазбеков, ауылдық ақсақалдар төрағасы Бекболат Бәйтіков, ауылдық аналар алқасының төрағасы Елена Шынжырбайқызы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ерлан Есенғалиұлы шара барысында өздерінің ыстық ықыласқа толы лебіздері мен тілектерін білдірді.
Жиналған көпшілік қауым алдында кадет сыныптарының сарбаздары салтанатты түрде ант қабылдады. Сондай-ақ клуб мүшелерімен қарым-қатынасты жандандыратын меморандумға қол қойылды. Сол сияқты клуб мүшелері өңірлердегі заставаларда жиі болып, ондағы шекарашылардан теориялық және практикалық дәріс алатындарын айтты. Кадет сыныптарының жас ұрпаққа берер әскери-патриоттық тәрбиесі ұшан-теңіз болатынына сенім мол.

Қанат ТӘКЕБАЕВ
О.Жандосов ауылы,
Қарасай ауданы