Перейти к содержимому
Главная страница » СОТ ТӨРАҒАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

СОТ ТӨРАҒАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған Алматы облыстық сотының жаңа төрағасын таныстыруға арналған жиын өтті. Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Тукиев облыстық соттың жаңа төраға Нариман Бекназаровты көпшілікке таныстырды.


Нариман Бектасұлы 1982 жылғы 21 тамызда Тараз қаласында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Әр жылдары Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының бас сарапшысы, бас консультанты, «GRATA» ЖШС заңгері болып еңбек еткен. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы баспасөз хатшысының көмекшісі, аппарат хатшылығының аға көмекшісі, Ақмола облысы Целиноград ауданы прокуратурасының прокуроры, Алматы қаласы Жетісу ауданы прокуратурасының прокуроры, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы және мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының төрағасы, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарған. «Құрмет» орденінің иегері.
Келесі кезекте Нариман Бектасұлы сөз алып, бұл қызметке тағайындалуын өзіне көрсетілген үлкен құрмет және жүктелген зор жауапкершілік деп санайтынын айта келе, сенім артып отырған Мемлекет басшысына, Жоғарғы сот төрағасына, Жоғары сот кеңесіне ризашылық білдірді.
Нариман Бекназаровты жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев елімізде Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалар нәтижесінде қабылданған Ата Заң аясында адам құқығын қорғау тетіктері күшейтіліп, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нығайтылғанын атап өтті. Бұл өзгерістердің сот билігінің тәуелсіздігін арттыруға, «Заң мен тәртіп» үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін күшейтуге жаңа серпін беретінін айта келе, осы жауапты кезеңде жаңа басшының келуі аталған реформалардың сабақтастығын қамтамасыз етіп, саланың одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенетінін жеткізді. Облыс әкімдігі заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті дамыту және мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды нығайту бағытында сот органдарымен әрдайым ашық әрі тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін баса айтты.
Алқалы жиыннан кейін Марат Елеусізұлы мен елордалық мейман жаңадан салынып жатқан облыстық сот ғимаратының құрылысымен танысты. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оңалбаев бірінші және екінші жертөленің бетон жұмысы толық аяқталғанын, қаражат уақтылы бөлінсе, құрылыс жұмысы кестеге сай жүргізіле беретінін мәлімдеді. Бес қабатты, үш блоктан тұратын ғимарат жұмысы биыл басталған. Келесі жылы қолданысқа берілу жоспарланған. Бас мердігер – «МК Технострой Сервис» ЖШС.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ