Перейти к содержимому
Главная страница » Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!

Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында жергілікті тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында арнайы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл шара қоғамда адалдық пен әділдік қағидаларын нығайтуға бағытталып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздеді.

Акция барысында халық көп жиналатын орындар, атап айтқанда орталық базар маңы, аудандық орталық аурухана және түрлі әкімшілік ғимараттар төңірегі қамтылды. Дәл осы орындардың таңдалуы да бекер емес. Өйткені күнделікті қарбалас тіршіліктің ортасында жүрген адамдарға осындай маңызды ақпаратты дер кезінде жеткізу қажеттілік болып тұр бүгінгі күнде.

Жалпы саны 300-ге жуық ақпараттық парақша таратылып, онда сыбайлас жемқорлықтың түрлері, оның қоғамға тигізер зияны және осындай жағдайларға куә болған кезде қайда жүгіну керектігі нақты көрсетілді.

Ең бастысы, тұрғындарға сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құзырлы органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін түсіндіру көзделген болатын. Бір адамның бейжай қарамауы кейде үлкен заңсыздықтың алдын алуы мүмкін. Осындай қарапайым, бірақ маңызды түсінік акцияның негізгі өзегіне айналды.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

ҰЙҒЫР АУДАНЫ