Ұйғыр ауданында «Заң және тәртіп» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамалары аясында қоршаған ортаны қорғау және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар ұдайы жүргізілуде. Бұл – табиғатты сақтаумен қатар, елімізге келген туристердің қауіпсіз әрі жайлы демалуына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылатын іс-шаралардың бірі.
Аудан аумағындағы ең танымал туристік орындардың бірі – Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Жыл сайын мұнда әлемнің әртүрлі елдерінен 100 мыңнан астам турист келеді. Табиғаты ерекше бұл мекенге келушілердің саны артып отырғандықтан, қауіпсіздік пен экологиялық тәртіп мәселесі де ерекше назарда болуды қажет етеді.
Осыған байланысты Ұйғыр ауданының прокуратурасы «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесіп, туристерге арналған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында келушілерге табиғатты қорғау және қауіпсіздік талаптары кеңінен түсіндірілді.
Атап айтқанда, парк аумағында аң аулауға, белгіленбеген жерлерге қоқыс тастауға және рұқсат етілмеген орындарда от жағуға болмайтыны ескертілді. Мұндай талаптар табиғатты сақтау және түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін маңызды екені айтылды.
Сонымен қатар, туристерге қандай да бір заң бұзушылықтар орын алған жағдайда немесе көмек қажет болған кезде аудан прокуратурасына кез келген уақытта жүгінуге болатыны түсіндірілді.
Мұндай алдын алу шаралары туристердің жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны сақтауға және қауіпсіз демалыс мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосары анық.
Анар ДҮЙСЕМБАЙҚЫЗЫ
ҰЙҒЫР АУДАНЫ


