Еуразиялық интеграция институты 2026 жылғы 16-26 шілде аралығында Құрылтай сайлауы алдында қазақстандықтардың сайлау қалауы мен саяси мінез-құлқын зерттеу мақсатында Қазақстанның 17 облысында және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жаппай сауалнама (face-to-face) әдісімен екінші әлеуметтанулық зерттеу жүргізді. Барлық өңірлер бойынша сауалнамаға 4 000 респондент қатысты. Осы зерттеу аясында саяси партиялардың қазіргі таңдағы рейтингісіне және сайлаушылардың ықтимал белсенділігіне қатысты қоғамдық пікірді екшеу жалғасты.
Сондай-ақ, бұған дейін 3-13 шілде аралығында жүргізіліп, қорытындысы 15 шілдеде жарияланған сауалнамадан бергі өзгерістерге талдау жасалды (https://www.facebook.com/ieikz/posts/1367208092281018)
«Әділет» партиясы әлі де көш бастап тұр, оның электоралды рейтингісі 65,1%-ға дейін өсті.
Екінші орында – «Ауыл» партиясы, оны респонденттердің 5,9%-ы қолдауға дайын.
Ал басқа партиялардың рейтингісі өзгеріске ұшырады.
«Ақ жол» партиясы (4,7%) үшінші орынға көтеріліп, тікелей бәсекелесі «Respublica» партиясын (4,6%) азғана басымдықпен басып озды.
Осыған ұқсас өзгеріс Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына (4,2%) да қатысты, ол сайлау додасының қазіргі кезеңінде Халық партиясын (4,1%) аз ғана айырмамен басып озды.
Барлық партиялар өз позицияларын белгілі бір дәрежеде нығайтып, сайлаушылардың көңілінен шығып жатқанда, «Байтақ» жасылдар партиясының жағдайы керісінше – оның рейтингі 0,5%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар, «Барлығына қарсы» дауыс беруге ниеттілер саны 2,5%-ға дейін төмендеді. Әлі таңдау жасауға дайын емес респонденттердің үлесі де біртіндеп төмендеп келеді – 14,2%-дан 8,4%-ға дейін азайды.
Осылайша, жаңа әлеуметтанулық деректер партия рейтингтерінің белгілі бір деңгейде өскенін көрсетеді, бұл ресми науқан басталғалы олардың қоғамдық белсенділігінің артуымен байланысты болуы мүмкін (сауалнама 16-26 шілде аралығында жүргізілді).
Азаматтардың сайлауға қатысуының ықтимал белсенділігіне келетін болсақ, бұл көрсеткіш те артып келеді. Құрылтай сайлауына қатысу-қатыспауы туралы нақты сұраққа респонденттердің 73,2%-ы дауыс беруге қатысатынын растап, 23 тамызда сайлау учаскесіне баруға дайын екендігін мәлімдеді. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 13,2%-ы дауыс беру құқығын пайдалануға ниетті екенін білдірмеді, тағы сонша адам – 13,6%-ы күмән білдіріп, сұраққа жауап бере алмайтынын айтқан.
Жалпы алғанда, қазақстандықтардың электоралды процесіне қатысу белсенділігі артып келеді, мұның себебі ақпараттық кеңістікте Құрылтай сайлауының тақырыбы басымдыққа ие екеніне байланысты.
Респонденттер Құрылтай сайлауында дауыс беруге итермелейтін басты себеп ретінде азаматтық борыш сезімін жиі атайды (54,2%). Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 45,8%-ы сайлау кандидаттар арасында дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік береді деп санайды, себебі азаматтар өз мүддесін толыққанды қорғайтын партияларды таңдағаны жөн деп санайды.
Сондай-ақ, респонденттердің басым көпшілігі, яғни 64,3%-ы саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен таныс екенін атап өту керек. Дегенмен, олардың 19,3%-ы партия бағдарламаларын үнемі қарап отырады, ал қалған 45%-ы бағдарламалардың мазмұнымен өзі тұтынатын ақпараттық кеңістікте жарияланған кезде танысады.
Осылайша, партиялардың сайлаудағы жеңісі көбінесе олардың үгіт-насихат жұмысының тиімділігіне және сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орната алуына байланысты деп тұжыруға болады.
Іріктеме 18 жастан асқан халықтың әлеуметтік-демографиялық құрамының тиісті пропорцияларына жақын (Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес) бөлінген параметрлер (облыс, тұрғылықты жері (қала/ауыл), жынысы, жасы, этникалық тегі) бойынша репрезентативті сипатқа ие. 95% сенімділік ықтималдығы бар іріктеменің статистикалық қателігі ±1,54%-тен аспайды.
Еуразиялық интеграция институты ОСК-ның 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасынан алынған деректерді жариялап отыр.

