Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің төрағалығымен «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру мәселелері және аудандағы қоғамдық қауіпсіздік мен қылмыс ахуалы жайында үлкен жиын өтті. Аудан әкімдігі ғимаратында өткен басқосуға аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауылдық округ әкімдері, ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесінің мүшелері және жастар қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – 2026 жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша жедел-қызметтік жұмыс ахуалы туралы Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Төлеу Мархамедов баяндама жасады. Оның сөзінше, ауданда ауырлығы орташа және онша ауыр емес қылмыстар саны былтырғыдан төмендеген. Ал жалпы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың тіркелуі, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны өскен. Тиісінше, қылмыстың ашылуы да былтырғы сәйкес уақытпен салыстырғанда 10,4%-ға артып отыр. Бір айта кетерлігі, тіркелген қылмыстардың 80%-ы – кибералаяқтық. Өкініштісі, киберқылмыстың құрбандарының қатарында интернет пен ақпараттық технологиялардың тілін білмейтін қарт кісілер ғана емес, отбасын асырап отырған азаматтар мен жастар да бар екен.
«Киберқылмыстың себептерін талдау кезінде азаматтардың қаржылық сауатсыздығы бірінші фактор ретінде анықталып отыр. Бұл қылмыстардың басым бөлігі банк карталары, онлайн-төлем жүйелері және жалған интернет-сайттарды пайдалану арқылы жасалған», – деген Төлеу Мархамедов интернет алаяқтарының қылмыстық әрекетін қарапайым халыққа жіті жеткізу үшін алдағы уақытта полиция қызметкерлері ауыл-ауылды аралап, тиісті жұмыстар жүргізетінін айтты. Осы орайда ауыл ақсақалдары мен жастарын және ауыл әкімдерін бірлесе әрекет етуге шақырды.
Ауылдық жерде күнкөріс көзі – төрт түлік екені анық. Еңбекшіқазақ ауданында 267 шаруа қожалығы бар және 516 062 мал басы тіркелген. Осы орайда мал ұрлығының да төмендемей тұрғанын тілге тиек еткен полиция басқармасының бастығы малды дер кезінде есепке алу, сырғалау және таңбалау, қараусыз жайылымға жібермеу, сатып алу-сату кезінде құжаттарды заң талаптарына сәйкес рәсімдеу сияқты қарапайым әрекеттерді назардан тыс қалдырмау керегін баса айтты.
«Мал жайылатын жайылымдарды таптап, күндіз-түні халықтың тыныштығын бұзатын мотокөлік тізгіндегендерді тыятын адам бола ма?» деген Көктөбе ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Совет Смадыловтың сұрағына жауап берген Төлеу Мархамедов осы мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмысқа тоқталып өтті. «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өрт қаупі жоғары жазғы маусымда мотокөліктерді кіргізбейтіні туралы парк директорының бұйрығы да шыққан екен.
Аудан прокуроры Бауыржан Кибраев ауылдық округ әкімдерінен ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы, яғни қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу және 432-2-бабы бойынша қоғамдық орындарда қоқыс шығаруға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебін сұрады. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету үшін де осы бағыттағы жұмысты арттыру керегін, фитосанитария жұмысы ақсап тұрғанын да айтты.
Отырыс барысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бойынша ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы аудан әкімнің орынбасары Ерболат Сарабеков, кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Изат Бекмағанбетов, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Әбіт баяндама жасады. Сондай-ақ Қаратұрық пен Түрген ауылдық округтерінің әкімдері де «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жарты жылдыққа жүргізген жұмыстарының есебін берді.
«Бұл отырысқа қатысқан әр адам осында көтерілген мәселелер жайын ауылдағы адамдарға жеткізіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Ауданның өсіп-өркендеуіне, қауіпсіз қоғам қалыптастырып, қылмыстардың алдын алуға бәріміз бірге атсалысайық. Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғам кепілі», – деген аудан әкімі Талғат Байеділов әр азамат заң талаптарын мүлтіксіз сақтап, жұмысына жауапкершілікпен қараса, құқық бұзушылық та болмайтынын айтты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ


