Перейти к содержимому
Главная страница » Жастар саясатына жаңа серпін

Жастар саясатына жаңа серпін

Облыстық жастар ресурстық орталығында Қытай Халық Республикасы Шанхай қаласы Коммунистік партиясы комитетінің Әлеуметтік жұмыс департаменті делегациясымен кездесу өтіп, жастар саясаты саласындағы өзара ынтымақтастық жайы талқыланды. Басқосуда жастарды жұмыспен қамту, NEET санатындағыларды қолдау, еріктілер қозғалысын дамыту және кәсіпкерлікті өркендету бағытындағы тәжірибе алмасуға басымдық берілді.
Аталмыш кездесу жыл басында Шанхай қаласының мэрі Алматыға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың заңды жалғасы болды. Делегация өкілі Ю Вэйдің айтуынша, ендігі кезеңде екі тарап өзара байланысты нақты жобалар арқылы нығайтуды көздейді. Ол өз сөзінде:
Алматы облысының жастар саясаты саласында жинақтаған тәжірибесін жан-жақты зерделеп, ортақ мүддеге негізделген бағыттарды айқындағымыз келеді. Алдағы уақытта қол жеткізілген келісімдерді бірлескен жобалармен толықтыру – басты мақсатымыз, – деп айтып өтті.
Кездесу барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Ахметов өңірде жүзеге асырылып жатқан жастарды қолдау тетіктерімен таныстырды. Ол білім алмайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін NEET санатындағы жастармен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарға, оларды еңбек нарығына бейімдеу шараларына және ауыл жастарына көрсетілетін қолдау бағыттарына кеңінен тоқталды. Әсіресе өңірде қалыптасқан жұмыс жүйесі мен оның нақты нәтижелері қытайлық делегацияның қызығушылығын тудырды.


Өз кезегінде сөз алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кеңешев жастарға арналған инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігін арттыру негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты.
Соңғы жылдары Балқаш, Кеген, Райымбек және Қарасай аудандарында төрт жаңа жастар орталығы ашылды. Сонымен қатар Қонаев қаласында жастардың бастамаларын қолдап, жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін, кеңес алып, білімін жетілдіретін заманауи коворкинг орталығы тұрақты жұмыс істеп келеді, – деді.
Жастар ресурстық орталығының мәліметінше, кешенді жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы өңірімізде NEET санатындағы жастар саны 46 мыңнан 27 мың адамға дейін азайған. Бұған жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ оларды қоғамдық және әлеуметтік бастамаларға кеңінен тарту арқылы қол жеткізілген. Кездесуде өңірдегі еріктілер қозғалысының дамуы да кеңінен таныстырылды. Делегация мүшелеріне аймақтың республикалық «Игі істер марафоны» жобасына белсенді қатысып, қорытындысында «Ең мейірімді өңір» аталымын жеңіп алғаны айтылды. Сондай-ақ облыстағы бес еріктілер ұйымы халықаралық «Жыл волонтері» сыйлығының лауреаты атанғаны да мақтанышпен атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар әріптестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екендерін білдірді. Алдағы уақытта еріктілердің халықаралық алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру, жастарға арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыру және әлеуметтік жұмыс саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бағытында нақты жұмыстар қолға алынбақ.

Құралбек СӘБИТОВ