Зорлық-зомбылық – қоғамның тыныштығы мен адам құқығына қауіп төндіретін өзекті мәселелердің бірі. Ол тек физикалық күш қолданумен шектелмей, психологиялық қысым көрсету, қорқыту, экономикалық тәуелділікке ұшырату және жыныстық қол сұғушылық сияқты түрлі формада кездеседі. Мұндай әрекеттер адамның денсаулығына ғана емес, оның психологиялық жағдайына, болашағына және қоғамдағы орнына кері әсер етеді.
Бүгінде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында заңнамалар жетілдіріліп, мемлекеттік деңгейде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау мақсатында заң талаптары күшейтіліп, құқық қорғау органдарының жауапкершілігі арттырылды.
Отбасындағы жанжалдардың көпшілігі өзара түсіністіктің болмауынан, әлеуметтік қиындықтардан, ішімдікке тәуелділіктен немесе агрессияны басқара алмаудан туындайды. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам болып атсалысуы қажет. Отбасында сыйластық пен сенімнің қалыптасуы, балаларға дұрыс тәрбие беру – зорлық-зомбылықтың алдын алудың басты жолдарының бірі.
Егер адам зорлық-зомбылықтың куәсі болса немесе өзі жәбір көрсе, үнсіз қалмауы тиіс. Құқық қорғау органдарына немесе тиісті әлеуметтік қызметтерге дер кезінде жүгіну көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алады. Әрбір азаматтың қауіпсіз өмір сүруге және өз құқығын қорғауға толық құқығы бар.
Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қоғамда заңға құрмет, өзара сыйластық пен адамгершілік құндылықтарын нығайту арқылы ғана қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптастыруға болады. Зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын ұстану – болашақ ұрпақтың қауіпсіз өмірінің кепілі.


