Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін өзекті мәселелердің бірі. Ол тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның әл-ауқатына әсер етеді. Сондықтан зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті.
Алатау қаласында азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері, әлеуметтік қызметтер мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп қатысуда.
Қала аумағында тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер, түсіндіру жұмыстары, семинарлар, дөңгелек үстелдер және ақпараттық акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Әсіресе жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, өзара сыйластық пен жауапкершілікті қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек физикалық күш қолданумен шектелмейді. Психологиялық қысым көрсету, қорқыту, экономикалық тәуелділікке мәжбүрлеу, бопсалау немесе адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттердің барлығы заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір азамат өз құқықтарын біліп, заң талаптарын сақтауы қажет.
Алатау қаласында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып келеді. Отбасындағы жанжалдардың алдын алу, тәуекел тобындағы отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізу және қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Егер сіз немесе жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, үндемей қалмаңыз. Уақытылы көмекке жүгіну – өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың маңызды қадамы.
Берекелі отбасы – қауіпсіз қоғамның негізі. Әрбір шаңырақта өзара құрмет, түсіністік және сенім салтанат құрғанда ғана мықты отбасы, тұрақты қоғам және өркендеген мемлекет қалыптасады.


