Перейти к содержимому
Главная страница » Аға буынның өнегесі – адал ұрпақ тәрбиесінің негізі

Аға буынның өнегесі – адал ұрпақ тәрбиесінің негізі

Жуырда Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында орналасқан әл-Фараби атындағы аудандық кітапхананың мәжіліс залында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда оған қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған кездесу өтті.

Жиынға аудандық ұйғыр этно-мәдени орталығының белсенді мүшелері, жігітбасылар, беделді ақсақалдар мен аналар, сондай-ақ аудандық қоғамдық келісім орталығының ұжымы қатысты.

Кездесуде сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екені сөз болды. Әсіресе өскелең ұрпаққа адалдықтың, әділдіктің және заңды құрметтеудің маңызын түсіндіруде аға буынның орны ерекше екені айтылды.

Аудандық Ұйғыр этномәдениет орталығының төрағасы Арлен Османов өз пікірінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда отбасы тәрбиесінің маңызын атап өтті. «Жастарға адалдық пен әділдіктің қадірін сөзбен ғана емес, өзіміздің ісімізбен көрсетуіміз керек. Үлкеннің айтқанынан гөрі, жасаған ісі балаға көбірек әсер етеді. Сондықтан аға буынның әрбір әрекеті кейінгі ұрпаққа үлгі. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік те отбасынан, күнделікті тәрбиеден қалыптасады. Біз жастарға заңды құрметтеуді, өз еңбегімен жетістікке жетуді және қандай жағдайда да адал болуды үйретуіміз қажет», – деді Арлен Османов. Сонымен қатар ел арасында бедел мен құрметке ие ақсақалдар мен жігітбасылардың жастармен түсіндіру жұмстарын жүргізіп, оған бір кісідей атсалысуы қажеттігін де айтып өтті.

Ақсақалдар мен аналар да бала тәрбиесінде ең алдымен жеке үлгінің маңызды екеніне қосылды. Жастарға жемқорлықтың заңға қайшы әрекет екенін түсіндірумен қатар, оның адамға, отбасына және жалпы қоғамға тигізетін кері әсерін ұғындыру қажет. Себебі бала үлкендердің іс-әрекетіне қарап бой түзейді. Сондықтан аға буын сол жемқорлық деген дерттен ада болғанда ғана жастар да параның ауылынан алыс жүрері хақ.

Жиында сыбайлас жемқорлықтың салдары бір ғана адамның мәселесімен шектелмей, қоғамдағы сенімге, әділдікке және тұрақтылыққа кері әсер ететіні де талқыланды. Сондықтан оның алдын алу жұмыстары тәрбиеден, отбасыдан және күнделікті өмірдегі қарапайым адалдықтан басталуы тиіс.

Кездесуге қатысушылар жастардың бойына парасаттылық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруде отбасы мен аға буынның ықпалы зор деген ортақ пікірге келді. Адалдықты дәріптеу, заңды сыйлау және өз ісіне жауап беру – келешек ұрпаққа қалдыратын ең маңызды өнегенің бірі.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ