Интернет арқылы жасалатын алаяқтықтан тұрғындарды сақтандыру үшін Балқаш ауданында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қаскөйлер банк қызметкері, полиция өкілі немесе таныс адамның атын жамылып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады. Әсіресе телефон арқылы хабарласып, шұғыл түрде ақша аударуды немесе банк картасының мәліметтерін айтуды сұрағандарға сақ болған жөн. SMS арқылы келген кодты, банк картасының құпия деректерін бөгде адамға айтуға болмайды. Күмәнді сілтемелерге өтпей, бейтаныс қосымшаларды жүктеуден де бас тартқан дұрыс. Осындай ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізген Балқаш аудандық полиция бөлімі қызметкерлері жергілікті тұрғындарды сақтыққа, күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырды.
Алаяқтардың арбауына түспеудің ең тиімді жолы – асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты бірнеше рет тексеру. Қырағылық танытқан тұрғын ғана өз қаржысы мен жеке деректерін қорғай алады.
Алтынай СЕЙІТКЕН

