Еңбекшіқазақ ауданында алимент бойынша берешекті өндіру мақсатында прокуратура, полиция, мемлекеттік кірістер органдары, жеке сот орындаушылары және басқа да мемлекеттік мекемелер бірлесіп, рейд ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды анықтау ғана емес, сот шешімдерінің нақты орындалуын қамтамасыз ету. Мамандардың айтуынша, алимент мәселесі – жай ғана қаржылық міндеттеме емес, ең алдымен баланың құқығы мен отбасының әл-ауқатына қатысты маңызды әлеуметтік мәселе.
Рейд барысында жауапты органдар алимент бойынша қарызы бар азаматтардың міндеттемелерін орындау жағдайын тексеріп, берешекті өтеу қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар сот актілерін орындамаған жағдайда заңнамада көзделген шаралар қолданылатыны ескертілді.
Нәтижесінде бірқатар борышкер алимент бойынша қарызын толық немесе ішінара өтеді. Бұл өз кезегінде балалар мен отбасыларға сот шешімі бойынша тиесілі қаражатты алуға мүмкіндік берді.
Рейд кезінде алимент бойынша едәуір қарызы бар борышкердің автокөлігін жүргізу құқына тыйым салынды. Көлік арнайы тұраққа қойылып, берешек өтелгенге дейін сол жерде болады.
Құзырлы органдардың бірлескен жұмысы борышкерлердің мүлкін анықтап, заң аясында қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл алимент төлеуден жалтару сот шешімін орындамауға себеп бола алмайтынын көрсетеді.
Еңбекшіқазақ ауданындағы рейд балалардың заңды мүдделерін қорғау және сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жалғасы болды. Алимент берешегін өндіру бойынша тиісті жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

