Перейти к содержимому
Главная страница » Балаларды баптаған

Балаларды баптаған

Қарасай ауданында мектепке дейінгі білім беру саласының дамуына жекеменшік балабақша басшылары зор үлес қосып келеді. Дәл солардың арқасында бұл сала қарқынды дамып, ұзақ жыл бойы өзекті болған балабақша тапшылығының орнын толтыруға мүмкіндік туды. Осы бағыттағы табысты кәсіпкерлердің бірі – Гүлнара Ешметова. Бұған оның жүріп өткен жолы айқын дәлел: еңбек жолын бір ғана шағын балабақшадан бастаған ол бүгінде дәл осындай алты нысан мен Academy Eshmet білім беру мекемелерінің желісін қалыптастырды. Енді бәрін ретімен баяндайық.

– 2016 жылдың 23 қыркүйегі мен үшін тарихи күн болды, – дейді Гүлнара Желеуқызы. – Дәл осы күні, осыдан он жыл бұрын, небәрі 21 балаға арналған алғашқы «Ақбота» балабақшасы ресми түрде есігін ашты. Осы уақыт ішінде мен және менің ұжымым тұтас білім беру ұйымдарының желісін құрдық. Қазір онда 700-ден астам бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар 115 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Біз бірлесіп, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуына, оның ішінде зияткерлік, шығармашылық және эмоциялық тұрғыдан қалыптасуына өз үлесімізді қосып келеміз.
Айта кету керек, желідегі әрбір балабақша жеке жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Ақбота-Ж» және оның «Ақбота-Ж-1» филиалы Жамбыл ауылында, «Anissa Kids» – Долан ауылында, «Ақбота-Ж» және «Anissa Kids-1» – Іргелі ауылында, ал «Қошақан 7» мен «SABI» балалық шақ академиясы Қаскелең қаласында орналасқан.
Балабақша ұжымдарын тиісінше Әйгерім Камалова, Айнұр Мырзалиева, Әсия Төребекова, Индира Бекетова және Индира Жанатаева басқарады. Ал Academy Eshmet бастауыш мектебінің директоры – кәсіпкердің өзі Гүлнара Ешметова. Дәл осы ұйымшыл әрі кәсіби мамандардың бірлескен еңбегінің арқасында құрылған білім беру эко­жүйесі бүгінде табысты дамып, мектеп­ке дейінгі білім берудің жоғары сапа стандарттарын сақтап отыр. Ең бастысы, ата-аналардың сенімін ақтап келеді.
Академиядағы екі қыз – Сумай мен Хадиджаның анасы Әлфида Әліпашаеваның айтуынша, олардың балабақшасындағы оқу-тәрбие үдерісі өте қызықты ұйымдастырылған. Бұған заманауи ойын және дамыту алаңдары ықпал етеді. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Тағы бір маңызды артықшылық – күніне бес мезгіл берілетін теңгерімді тамақтану жүйесі.
– Осындай мейірім мен қамқор­лықты сезінген қыздарым «SABI» балалық шақ академиясына әрдайым қуана барады, – дейді Әлфида Сәлімқызы. – Мұнда түрлі мерекелік іс-шаралар мен ертеңгіліктер де өте қызықты өтеді. Балабақшаның құрылтайшысына, меңгерушісіне және бүкіл ұжымына зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін. Балаларымыз осы білім ордасынан ақылды, дені сау әрі бақытты болып шықсын.
Шынында да, желідегі әрбір білім беру мекемесі – заманауи оқыту әдістері мен балаларға деген жылулық, қамқорлық және жанашырлық үйлесім тапқан ерекше орта. Мұнда бүлдіршіндердің өмірлік алғашқы құндылықтары қалыптасып, білімге деген сүйіспеншілігі оянып, қабілеттері ашылып, өз күшіне деген сенімі нығаяды.
– Меніңше, білім беру – тек білім­ді жет­кізу ғана емес, ең алдымен баланың өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне мүмкіндік беретін ерек­ше орта қалыптастыру, – дейді кәсіп­кер. – Біздің білім беру жүйеміз үлкен мүмкіндіктерге ие табысты оқушыларды ғана емес, сонымен бірге отбасына, қоғамға және өз еліне құрметпен қарайтын, жоғары адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген тұлғаларды тәрбиелеуге бағытталған. Осы мақсатта біз бастауыш сынып оқушыларына арналған Academy Eshmet мектебін аштық. Бұл – мектепке дейінгі білім беру саласындағы көпжылдық еңбегі­міздің заңды жалғасы. Жоба үздіксіз білім беру идеясын жүзеге асырып, балаларға балабақшадағы алғашқы қадамынан бастап, мектептегі берік академиялық негіз қалыптасқанға дейін сапалы білім алу мүмкіндігін береді.
Айта кетерлігі, балабақшалар мен академияда жоғары білікті басшылар, педагогтер және нағыз кәсіби мамандар еңбек етеді. Ал білім беру және дамыту бағдарламаларының негізінде әр балаға жеке көзқарас қағидаты жатыр.
– Біздің барлық мекемелеріміздің басты ерекшеліктерінің бірі – балалар­дың денсаулығын нығайтуға ерекше мән берілуі, – деп сөзін жалғастырды Гүлнара Желеуқызы. – Бұл бағытта күн сайын тәрбиеленушілерімізді тексеріп, олардың денсаулығын бақылап отыратын білікті медицина қызметкерлері еңбек етеді. Сонымен қатар тыныс жолдарын тазартып, мұрын-жұтқыншақ пен өкпенің сау­лығын сақтауға көмектесетін тұзды бөл­мелер де қарастырылған. Қызметі­мізді кеңейтіп, ауқымын ұлғайтуға 2022 жылы «Даму» қорының қолдауымен ForteBank арқылы алған субсидияланған несие үлкен мүмкіндік берді. Бұл біз үшін елеулі қолдау болды.
Басшының пікірінше, шынайы білім беру балаға деген сүйіспен­шілікке, құрмет пен сенімге негізделуі тиіс. Әрбір сәби өмірге ерекше қабілетпен келеді, ал балабақша мен мектептің міндеті – сол қабілетті ашуға көмектесу, өзіне деген сенімін нығайтып, арманына нық қадам басуына жол ашу. Бұл сөздер Гүлнара Желеуқызының өмірлік ұстанымы ғана емес, өзі құрған бүкіл білім беру экожүйесінің философиясына айналды. Бұл жүйе Қазақстанның жарқын әрі өркендеген болашағын қалыптастыратын жаңа ұрпақты тәрбиелеуге қызмет етуде.
Осылайша Гүлнара Желеуқызы кәсіби ұжымымен бірге оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастырудың жүйелі үлгісін қалыптастырып, оны әрбір балаға деген шынайы қамқорлықпен және жанашырлықпен ұштастыра білді. Соның нәтижесінде бүлдіршіндер дені сау, білімді әрі бақытты болып өсіп келеді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы