Перейти к содержимому
Главная страница » Даналыққа бастар жол

Даналыққа бастар жол

Талғар аудандық Мәдениет үйінде ұлы ойшыл, ақын, ағартушы, сазгер, дана да дара тұлға – Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Адамзаттың Абайы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оған ауданның әдебиетсүйер қауымы, түрлі қоғамдық кеңес мүшелері мен жастар қатысты.

Кеш жүргізушілері Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың рухани қазынасына айналған ұлы тұлға екенін, оның әрбір өлеңі мен қара сөзі – ұлттың мәңгілік темірқазығы, ал оның поэзиясы адамгершіліктің, білім мен еңбектің, әділдік пен мейірімнің жаршысы екенін айтып, сөзді Талғар ауданының Құрметті азаматы, ақын Кәмнұр Тәлімұлына берді. Жиналған жұртқа бірер күн бұрын ғана Абайдың кіндік қаны тамған Жидебай, Қарауылда болып, музей-үйін аралап, зиярат етіп келгенін жеткізген ол ес білгелі Абай шығармаларымен сусындап келе жатқанын, әлі де оқи беретінін айтты.
– Қарап отырсаңыз, Абайдың 173 өлеңі, 3 поэмасы, 45 қара сөзі ғана бар, бәрін жинасаңыз – бір-ақ кітап. Бірақ қазақ үшін осының өзі өмірлік азық! «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», «Әкеңнің баласы болма, адамның баласы бол», «Кеше бала келдің ғой талай жасқа, көз жетті бір орында тұр алмасқа. Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар бұл жалғанда одан басқа» – дейді. Абайды сүю – Алланы сүю, адамды сүю. Абайды сүю – қазақты сүю, ұлтты сүю. Абайды тану – өзіңді, жұртыңды, халқыңды тану, руханиятыңды сезіну. Абайды тану – ұлылыққа бастайтын ұлы жол, – деді қоғам қайраткері.
Шара барысында данышпанның өмірінен алынған сахналық қойылым көрсетіліп, аудан өнерпаздары орындаған «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай», «Біреуден біреу артылса», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген әндері құлақтан кіріп, бойды алды.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы